9 Маусым 19:52

Алматыдағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың эксгумация қорытындысы шықты

сарбаз
Фото: желідегі кадрлардан

Екі жыл бұрын қаза тапқан сарбаз Алмас Шахимовтың туыстары эксгумация жасатып алты ай күткеннен соң, сараптама нәтижесімен бөлісті. Олардың күдіктері расталып, сараптама нәтижесінде сарбаздың денесінен пышақ жарақаты мен түрлі аяусыз соққылардың ізі анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Алматы, NEGE. Алматы қаласында әскери борышын өтеуге кеткен Алмас Шахимовтың отбасына екі айдан соң қаралы хабар келген. Ол кезде өлімнің ресми себебін жазатайым оқиға деп берген. Сарбаз оқу жаттығу кезінде өзгелерге қауіпсіз жерге баруға көмектесіп, өзі қатты дауылдың әсерінен құлаған метал жабдықтың астында қалып, мерт болды делінген.

“Алғашында бізде көптеген айғақ дәлелдер болғандықтан эксгумация жасатуға қарсы болдық. Алайда әскерилер кейін барлық айғақтарды, ұлымның әскери киімдерін, полигондағы бейнежазбалардың бәрін жойды” , – деді Алмастың анасы.

“Мәйіт сараптамасынан оң жағынан үш пышақ жарақаты, қылқындырған іздер, 26 дене жарақаты анықталған. Оның бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, темекіні арқасына басып, сөндірген”, – деп қосты анасы.

Одан бөлек, анасының айтуынша, Алмас бағынышты болған офицер әскерге қабылдана сала жігіттің атына несие алғызған.

“Алмасты әскерге көзіне ота жасалған соң бірден алып кетті. Олар дәрігерлердің отадан соң жарты жыл физикалық күш салуға болмайды деген тыйымына қарамады. 27 мамыр оны алып кетті. Мамырдың 28-і күні ұлым Алматыға жетті. 29-да әскери бөліміне жетіп, 30-да оның атына несие рәсімделген”, – деді анасы.

Алмастың отбасы екі жылдан бері әділдік үшін күрескен. Тіпті оларға әскерилердің өзі материалдық өтемақы төлейтінін, ақша, пәтер мен кіші қыздарын оқуға түсіруді ұсынған.

Ұлттық гвардия тіпті сарбазға ерлігі үшін марапат та берген. Алайда жақындары бұл марапаттан бас тартқан. Себебі олар Алмастың шаңды дауылдан өзгелерді құтқарып емес, біреудің қолынан мерт болғанына сенімді болған.