Алматыда жобаға бөлінетін қаржы өсті

Бағдарламаға өтінім қабылдау кезеңі 31 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлады Almaty.tv.
Алматы, NEGE. Биыл Халық қатысатын бюджет бағдарламасын қаржыландыру өседі. Бұл туралы Алматы қалалық қаржы басқармасының мамандары мәлімдеді.
Жетісу ауданындағы бір жыл бұрын арам шөп басып тұрған аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында әлдеқайда түрленген. Заманауи спорт жабдықтары мен футбол алаңы салынған. Осылайша, тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, шағын аумақ тиімді қолданылған. Қазір мұндағы жұрт пен балалар қалалық бағдарламаның игілігін көріп отыр.
«Жай ғана алаң болды, жаңбыр жауса, жер балшық болатын. Балалар ойнай алмайтын еді. Қазір Алматыда мұндай алаңдар тек жаңа тұрғын үй кешендерінде ғана салынады ғой. Біз тұрып жатқан ескі үй 1979 жылы салынған», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Ерғазы Ықылас.
Биыл да тұрғындар қалалық бағдарламаға үміт артып отыр. Жергілікті жұрт бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды көздейді.
«Биыл да жоспар көп. Тұрғын үйдің сыртын сырласақ. Тузов көшесі тұйықта орналасқан. Онда тұрғындар жүретін тротуар жоқ. Ойымызды әкімдікке айтсақ, қолдайды деп сенеміз», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Дулат Қылышбеков.
Бағдарлама аясында жасалатын әрбір жоба халықтың талап-тілегімен, тұрғындардың талғамына қарай жасалады. Жетісу ауданы бойынша өткен жылы 45 өтінім қабылданған. 23 жоба көп дауыс жинап, жүзеге асқан.
«Халықтан сұраныс көп болғандықтан қала әкімінің тапсырмасымен қосымша ақша бөлініп жатыр. Ойын алаңы бұзылған жағдайда жауапты мердігер мекеме бір жылдық кепілдік хат бойынша қайтадан қалпына келтіру жұмысын жүргізуге міндетті», – деді Жетісу ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Қалдаров.
Бағдарламаға өтінім қабылдау кезеңі 31 наурызға дейін жалғасады. Тұрғындар open-almaty.kz сайты арқылы өзіне қажетті жобаны таңдаса болады. 2019 жылы пилоттық жоба ретінде басталған бағдарламаға бастапқыда 8 млрд теңге бөлінген болатын. Биылдан бастап бұл қаржы 15 млрд теңгеге дейін өскен.
«Халық қатысатын бюджет-2023» бойынша өтінім қабылданып жатыр.
30 наурызға дейін тұрғындар budget.open-almaty.kz интернет порталы өз ауданын (шағын аудан, аула және т. б.) абаттандыру бойынша ұсыныс бере алады.
Ауланы жөндеу, ойын алаңындағы бос жер, қараусыз қалған аумақта сквер салу. «Халық қатысатын бюджет» жобасының арқасында тұрғындардың іске асқан идеясының бір шоғыры осы.