Алматыда жеке табыс салығы бойынша декларация қашан тапсырылады?

Алматы қаласы 240 нысандағы декларацияны кім және қай уақытта тапсыратыны баяндалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы, NEGE. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кеңсе мониторингі басқармасының бас маманы Қайрат Тұрымбетов баяндап берді.
240-нысандағы декларацияны тапсыру мерзімі кірісті алғаннан кейінгі жылдан кешіктірілмеуі қажет.
«Егер кіріс 2023 жылы алынған болса, онда декларация 2024 жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей тапсырылады», – деп түсіндірді спикер.
Декларацияны тапсыру мерзімдерін бұзуға келетін болсақ, бірінші рет ескерту беріледі, қайталап бұзу 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады.
Департаменттің мәліметінше, азаматтардың келесі санаты жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырады:
- жеке кәсіпкерлер;
- жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар;
- мүліктік кіріс алған жеке тұлғалар;
- Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі табыс көздерінен табыс алған жеке тұлғалар және т.б.
Жылдық табысқа жеке тұлғаның барлық кіріс түрі кіреді. Мысалға, бұл қатарға тауарды сатудан, жұмысты орындаудан, өтеусіз алынған мүліктен, дивидендтер түріндегі табыстар, сыйақылар, ұтыстар, стипендиялар, мүліктік кірістер және т.б. жатады.
Декларация дегеніміз не?
Бұл салық салынатын жеке тұлғаның табысы туралы есеп жеке тұлғаның салық декларацияларында, сондай-ақ уәкілетті органдардың және жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемесінің туындауына әкеп соғатын үшінші тұлғалардың деректері бойынша ол көрсеткен мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын айқындау мақсатында қолданылады.
Егер бастапқы салық декларациясы мерзімінде ұсынылмаса, онда салық органдары бірінші рет ескертумен шектеледі ("әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексінің (ӘҚБтК) 272-бабының 1-тармағы).
Ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде жеке тұлға тарапынан қайталап бұзушылық болған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 272-бабының 2-тармағы).
Егер декларацияда салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге әкеп соқпайтын толық емес, анық емес мәліметтер қамтылатын болса, онда салық органдары да ескертумен шектеледі (ӘҚБтК 272-бабының 2-1-тармағы).
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет үш АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (ӘҚБтК 272-бабының 2-2-тармағы).
Салықтарды есептеуге әкеп соғатын салық салу объектілері жасырылған жағдайда, жасырын салық салу объектісі бойынша төленуге жататын салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде (ӘҚБтК 275-бабының 1-тармағы) және егер мұндай бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген (ӘҚБтК 275-бабының 2-тармағы).
Егер жеке тұлғалар хабарлама берген кезде салық міндеттемелерін орындамаса және салықтық тексеру жүргізілсе, аталмыш шара қолданылады. Бұзушылықты өз бетінше жою кезінде айыппұл салынбайды.