Алматыда жарық неге жиі өшеді? Сағынтаев аудан әкімдерінің есебін тыңдап жүр
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Кезек Түрксіб ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есебіне келді.
Алматы, NEGE. Аудандағы өзекті мәселенің бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Мысалы, 25 мың жеке үйдің 24 мыңға жуығы газбен қамтамасыз етілген. Қалған 929 үйге магистральды желілер тартылды. Бүгінде 625 үйге ішкі жүйелерді қосу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосылу мәселесі де өзектілігін жоймай тұр. 20 мыңға жуық үйдің су бұру жүйесі болмаса, 3 мыңнан астам үй су жүйесіне қосылмаған. Осы мәселені шешу үшін «Қайрат» пен «Әлмерек» ықшамаудандарында инженерлік желілердің құрылысы аяқталуға жақын, ал «Нұршашқанда» жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар ауданның 10 мыңға жуық тұрғынын қамтыған 2400 үйді орталық коммуникациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, тағы бір мәселе – үздіксіз электрмен жабдықтау болып табылады. «Әлмерек», «Қайрат», «Нұршашқан» ықшамаудандары мен «Авиатор» бау-бақша қоғамының тұрғындары жарықтың тарифі қымбаттағанын айтып, оның жиі өшетініне шағымданды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша иесіз жатқан желілерді «АЖК» АҚ-ның балансына беру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 2020 жылдың шілде айында аяқталады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін ұзындығы 134 шақырым болатын 254 көшенің сыртқы жарықтандыру желілері жүргізіледі.

Бұдан өзге Майлин, Б. Хмельницкий көшесі, Сүйінбай мен Рысқұлов, Сейфуллин даңғылдарының бойында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2 мыңнан астам үнемді жаңа жарық нүктелері орнатылды. Ағымдағы жылы Қапшағай көпірі мен Жансүгіров көшесіндегі шамдарды жаңғырту жоспарланған. Аудан аумағында 569 аула бар, оның 400 ауласы жаңғыртылды. 2020 жылы тағы 103 ауланы абаттандыру жоспарлануда. Қалған 66 аула жөндеуге жарамсыз. Себебі 26-сы жаңа ықшамаудандар болса , 40-ы «ескі тұрғын үй» санатына жатқызылған. Аудан әкімі Б.Ақжаровтың мәліметінше, ағымдағы жылы 36 көшеде (27 км астам) жолдарды орташа жөндеу және 17 көшеде (12 км) тротуарлар салу жоспарланған. Бұған дейін ұзындығы 5,5 шақырымнан астам 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кездесуде Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мектептер, үйлер және әлеуметтік нысандардың жанында жаяу жүргіншілер жолының болмауына шағымданған тұрғындардың барлық ұсыныстарын жинақтауды тапсырды.