22 Қыркүйек 14:02
...

Алматыда туберкулезбен күрес жөніндегі халықаралық конференция өтіп жатыр

Фото:

  22-23 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының 90 жылдығына арналған «Орталық Азияда туберкулез індетін жою: үздік тәжірибе, сын-қатерлер және мүмкіндіктер» атты туберкулезбен күрес жөніндегі 6-шы халықаралық конференция өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Конференцияға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният, Орталық Азия елдері мен АҚШ, Германия, Қытай, Украина, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Молдова, Беларусь елдерінің туберкулезбен күрес саласының басшылары мен жетекші мамандары, ДДСҰ сарапшылары, халықаралық ұйымдар (USAID, Жаһандық қор, StopTB Partnership, Partners in Health, KNCV, Жаһандық дәрі қоры (GDF), Abt Associates т.б.) өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен өзге елдердің үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуда. 

 Конференцияны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы  Қазақстандағы Жаһандық қор жобасының, АҚШ-тың Орталық Азиядағы халықаралық даму агенттігінің (USAID) және Қазақстан фтизиопульмонологтары қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияның мақсаты  Туберкулез індетін тоқтату бойынша ДДСҰ стратегиясының көздеген мақсатына жету үшін туберкулезбен күрестегі озық тәжірибелерді енгізу жолында интеграция мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Конференцияда пленарлық отырыстар, туберкулезбен күрестің басым бағыттары бойынша жұмыс топтарының бас қосуы және зертхана мамандары мен фтизиохирургтарға арналған әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мамандарының шеберлік сабақтары өтеді.

Туберкулез әлі де бүкіл әлемде және Еуро-Азия аймағындағы елдерде денсаулық сақтау саласының күрделі проблемасы болып қалуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметі бойынша жыл сайын 9,9 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырады және 1,5 миллион науқас осы аурудан көз жұмады.

2014 жылдың мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы ауыру мен өлім-жітімді азайту арқылы әлем елдеріне туберкулез індетін тоқтатуға мүмкіндік беретін  ДДСҰ-ның туберкулезге қарсы күрес стратегиясын қабылдады. Туберкулезді тиімді диагностикалау және емдеудің арқасында 2000-2020 жылдар аралығында 66 миллион науқас аман қалды. Дегенмен COVID-19 індеті туберкулезге қарсы күресте қол жеткен жетістіктерді жоққа шығарды. 2020 жылы соңғы 10 жылда тұңғыш рет туберкулезден болған өлім-жітім саны өсті, медициналық көмек көрсету жағынан туған қиындықтарға байланысты туберкулезбен ауыратын жаңа науқастарды анықтау қиындады.  

Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасының соңғы 20 жылда халықаралық және ұлттық серіктестермен, өзге қызметтермен бірлесіп жүргізген қарқынды жұмысының нәтижесінде Қазақстанда туберкулезбен ауырғандар саны 4,2 есеге, өлім-жітім 15,5 есеге, 15 жасқа дейінгі балалар арасындағы туберкулезбен ауыратындар саны 10 есеге кеміді. Туберкулезбен ауыратын науқастарды жазып шығудың тиімділігі бойынша еліміз әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне ие. 2021 жылы жазылып шығу көрсеткіші туберкулезге сезімталдығы жаңадан анықталған науқастар арасында 85,9% (ДДСҰ стандарты – 85%) және дәріге төзімді туберкулез бойынша – 80,2% (ДДСҰ стандарты – 75%) болды.

Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәріге төзімділікті әлемдік деңгейде зерттеу бағдарламасына енген. Соңғы жылдары еліміздегі туберкулезге қарсы мекемелердің зертханалық қызметі жаңартылды. ҚР ҰФҒО зертханасы ДДСҰ-ның халықаралық зертханасында сапа бақылауы сынағынан өтіп, Ұлттық референс зертхана мәртебесін алды. Бүкіл республика бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ПТР әдісімен (молекулярлық-генетикалық диагностика) туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді анықтаудың заманауи экспресс әдістері енгізілді, туберкулез болуы мүмкін деген күмән туған барлық науқас үшін туберкулезді диагностикалаудың халықаралық стандарттарға сәйкес келетін барлық зертханалық әдістері толық қолжетімді болды.

USAID туберкулезді тоқтатудың жаһандық акселераторы арқылы туберкулезді ерте диагностикалау мен емдеуге әмбебап қолжетімділікті қамтамасыз ету және туберкулезге қарсы көмек көрсетудегі азаматтық қоғам ұйымдарының рөлін күшейту мақсатында туберкулезбен күресу жөніндегі ұлттық бағдарламаны қолдайды.

Қаржыландыру тетігін жетілдіре отырып, туберкулезге қарсы ұйымдардың төсек қорын кезең-кезеңімен оңтайландыру және қайта бейіндеу, туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйымдастырудың науқастарға бағдарланған үлгілеріне баса назар аудара отырып, амбулаторлық емдеуді кеңейту, туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік қолдау көрсету, жаңа дәрілердің қауіпсіздігіне белсенді мониторинг жүргізе отырып, туберкулезге қарсы іс-шаралардың мониторингі мен бағалау моделін оңтайландыру, Жаһандық қордан және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстан гранттар бөлу арқылы ҮЕҰ-ды туберкулезге қарсы іс-шара белсенді тарту, «СТОП ТБ»  ынтымақтастығын кеңейту арқылы түрлі оқыту жолдарын енгізе отырып мамандардың әлеуетін үнемі көтеру, барлық мүдделі мемлекеттік қызметтер мен ведомстволарды, халықаралық және қоғамдық ұйымдарды жұмылдыру Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасының өзегіне, ДДСҰ Стратегиясында еліміз үшін белгіленген көрсеткішке қол жеткізудің, дәріге төзімді туберкулез ауыртпалығын азайту, туберкулез індетіне тосқауыл қою, жалпы ауруды жою мақсатына жетудің кепіліне айналған. 

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният: "Туберкулезбен күрес мәселелері бойынша қолдау көрсеткені және ынтымақтастығы үшін халықаралық серіктестерімізге, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының директоры доктор Ханс Клюгеге,   Орталық Азиядағы USAID өңірлік миссиясының директоры Лоуренс Хардиге, «Туберкулезді тоқтату» Серіктестігінің өңірлік кеңесшісі Андрей Мошнягаға және Жаһандық қордың өңірлік менеджері Думитру Латычевскиге ерекше алғысымды білдіргім келеді" деді өз сөзінде. 

Тегтер: