USD
USD
USD

Алматыда «Күлпет» романының тұсауы кесілді

Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Меценат.кз» әдеби байқауының тұңғыш жеңімпазы, жазушы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романының тұсаукесері өтті.

Алматыда «Күлпет» романының тұсауы кесілді
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Қазақстанның социализм дәуіріндегі кезеңінен бастап қазіргі күнге дейінгі тарихын басты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттейтін роман туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар арқылы бүкіләлемдік мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді.

Салтанатты шараға романның авторы, жазушы Шархан Қазығұл, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер Досхан Жолжақсынов, Mecenat.kz әдеби байқауының құрылтайшысы Ерлан Асқарбеков, Kitapfest кітап фестивалін ұйымдастырушы Бекнұр Қисықов, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кітап тұсаукесерінде мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев: «Романның тәрбиелік мәні бар. Онда қазіргі аумалы-төкпелі заманда өз ұлтын, елін сүю, қандай қиын жағдай болмасын, адами қасиетті сақтап қалу тақырыбы көрініс тапқан. Біз қазір осы асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіріп, көбірек насихаттауымыз керек. Сонда еліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Шархан, сен әлі жассың. Сенің қолыңнан мұндай туындылар әлі көп шығады», – деді.

Халық әртісі Досхан Жолжақсынов романды экран мен сахнаға шығару керек дей келе, «Күлпет» романы – Шарханның жан азабы. Мұнда үш буынның тарихы жазылған. Олар адамзаттық мәселелерді көтереді. Жалпы, роман кино түсіруге, тіпті, сахнадағы пьесаға сұранып тұр. Ең ғажабы – кейіпкерлердің әрқайсында сұңғыла ойлары мен мінез-құлқы бар. Ол экран мен сахнаға шықса, керемет дүниеге куә боламыз деп ойлаймын. Шархан бауырым, сен осыдан кейін ештеңе жазбасаң да болады. Сен осы романыңмен-ақ тарихта қалдың. Mecenat.kz байқауының жеңімпазы Мәкең, Жәкеңдер емес, тап осы Шарханның болуы мені қатты қуантты», – деген пікірін айтты. 

Шархан Қазығұл стилі бөлек жазушы-публицист. Тілі шұрайлы. Ең бастысы, ол әбден жауыр болған тақырыптар мен жылтыр сөздерді қолданудан әсіре қашып отырады. Автордың бұл қасиеті «Күлпет» романында жарқырай көрінген. Роман авторы Шархан Қазығұл: «Бұл шығарма арқылы мен «адам өмірге не үшін келеді?», «адамның жаны мәңгілік пе?», «адамның өмірге келгендегі мақсаты не?» деген сұрақтарға жауапты кейіпкерлердің сөзімен көркем тілде жеткізгім келді. Роман ішінде бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақ ұлтының идентификациясын, әлемде өзінің лайықты орнын сақтап қалу, ақылды, білімді азаматтардың туған жерден жыраққа кетпей, еңбек етуіне жағдай жасау, жастардың патриоттық сезімін ояту туралы ойларым айтылды. Жалпы, бұл роман көп адамның қолқа салуымен дүниеге келгенін айту керек. Бүгін кітабымның тұсаукесеріне келген баршаңызға алғысым шексіз», – деді. 

Ал Mecenat.kz әдеби байқауының құрылтайшысы Ерлан Асқарбеков сөз алып, әдеби байқаудың мақсатын түсіндірді.

«Mecenat.kz әдеби байқауының мақсаты – қазақстандық көркем әдебиетті және оны оқуға деген ынтаны дамыту, ел жазушыларының деңгейін көтеру және оларды әлемдік кітап нарығына шығару. Әдеби байқаудың алғашқы кезеңі өте сәтті өтті. Оған мына статистикалық мәліметтер дәлел: тіркелген автор саны – 137, сайтқа кірген адам саны – 62 мың, дауыс бергендер - 6756, жүктелген роман - 67, халықтық дауыс беруге өткен роман саны – 21 болды. Қазір үздік роман үшін жыл сайын берілетін Mecenat.kz әдеби сыйлығының екінші кезеңі басталды. Осы уақыттан бастап шетелдегі қандастарымыздан да қолжазба қабылданады. Орыс тіліндегі қолжазбалар тек Қазақстан азаматтарынан қабылданады. Барлық талаптар www.mecenat.kz сайтында тұр», – деді Ерлан Асқарбеков.

Қазір оқып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК-тен шығу туралы шешім қабылдады

Мұнай

Үйқамақта болуы тиіс Олеся Кексель Алматы әуежайында не істеп жүр?

.

Жамбыл облысында экс-депутаттың партиядан шығарылуына қатысты іс қайта қаралады

Дамир Ташкараев

АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?

.