Алматыда коронавирус жайлы хабарлама жазған дәрігер қайтыс болды
26 тамызда Алматы қалалық №4 клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Түсіпханов қайтыс болған.
Алматы, NEGE. Алматыдағы № 4 қалалық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Асылханұлы Түсіпханов 49 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті.
"Болат Түсіпхановтың кенеттен қайтыс болуы – бұл бүкіл медициналық қауымдастық үшін орны толмас қайғы. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұжымы Болат Асылханұлының отбасы мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады", – делінген ҚДСБ хабарламасында.
Болат Асылханұлы жоғары санаттағы дәрігер, мамандығы бойынша 25 жыл жұмыс істеген. Әріптестері оны талантты хирург ретінде сипаттайды. Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананада 2018 жылдан бері жұмыс істеген.
Еске салайық, осыған дейін Желіде алматылық дәрігердің аудиожазбасы тараған болатын.
"Менің екі хирургым ауырып қалды, олар науқастармен байланыста болды, сонда жұмыс істеді. Біреуі жансақтау бөлімінде жатып, әрең есін жиды, екіншісі тіптен жатып қалды. Ал бүгін біздің меңгерушіміз ауырып қалды. Ауруханалар науқастарға толы. Жансақтау бөлімінде орын жоқ. Аппараттар жеткіліксіз. Бұл шындық. Тіпті жағдайы орташа ауыр науқастар үйлерінде қалып жатыр. Сізге ешкім дәрі бермейді. Сондықтан тағы да айтамын, денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, абай болыңыздар", - деген еді Болат Түсіпханов аудиожазбада.
Кейінірек бұл аудионы дәрігердің туыстарына жазғаны анықталды.