Алматыда қоғамдық көліктердің жол жүру ақысы өзгереді
Алматыда қоғамдық көліктердің жол жүру ақысын өзгерту жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Алматы, NEGE. Ол мұны 2030 жылға дейін орындауға уәде берді. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде Алматы тұрғындарының үштен бірінен астамы, яғни 37 пайызы ғана қоғамдық көлікпен жүреді.
- Қоғамдық көліктің дамуы – азаматтардың жайлы өмір сүруінің, көлік кептелісін азайтудың және ауаның сапасын жақсартудың бір көрсеткіші. Сондықтан азаматтардың ұсыныстарының едәуір бөлігі (2025 жылға дейінгі Даму жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар жобасында) қоғамдық көлікке қатысты болды. Олардың ішінде: электрмен жүретін қоғамдық көлік үлесін арттыру; бөлінген жолақтар мен BRT желісін дамыту; аялдамаларды жаңғырту; велосипед инфрақұрылымын дамыту. Қоршаған ортаға кері әсерді азайту мақсатында қаладағы қоғамдық көліктер электр қуаты мен газға көшеді.Біз 2030 жылға қарай 1000 жаңа автобустар мен троллейбустар сатып алу арқылы қаланың автопаркін жаңартып, тасымалдау сапасын арттыру үшін жаңа тарифтік саясатты енгіземіз, - деді Досаев.