Алматыда қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған мемориал ашылды
23 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаға арналған монументтің салтанатты ашылуы болды. Мемориалдың ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қала әкімі Ерболат Досаев қатысты.
Алматы, NEGE. Ескерткіш қала әкімдігі жанындағы алаңда, Сәтбаев көшесінен оңтүстікке қарай және Назарбаев даңғылынан батысқа қарайы қойылған.
Мемориалдың эскизін әзірлеу бойынша ашық сәулет байқауы өткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты.

Президент стеллаға гүл шоғын қойған соң қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Содан кейін Мемлекеттік гимн орындалды.
Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі шараның еліміз үшін айрықша мәні бар екенін атап өтіп, қасіретті қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.
– Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.
– Шын мәнінде, бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады.

«Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.
Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.