27 Ақпан 14:20
...

Алматыда белсенділер прокуратура алдында жиналды

Фото:

Абақтыда қайтыс болған Дулат Ағаділдің қазасын әділ тексеруді талап еткен белсенділер Алматыда Республика алаңының маңында жиналды.

Алматы. NEGE. «Дулат Ағаділдің өліміне тікелей билік кінәлі» деп ұрандатқан халық, «22 ақпан митингте ұсталғандарға бостандық берілсін» деп талап қойды.

Кейін осы аталған талап-арыздары бойынша прокуратура ғимаратының алдына келіп, қала прокурорының шығып жауап беруін күтті.  «Прокурор шықсын!», «Бостандық!» деп ұрандады. Жиналған белсенділердің мақсаты бір. Ол - әділдік орнату, шын кінәлілердің жазалануы.

Алматы қаласының прокуроры Жүйріктаев Берік Қуанышбекұлының өзі шыққан жоқ. Алайда халық алдына орынбасары Мұрат Тілеубердиевті жіберді. Ол халықты ішке кіріп сөйлесуге шақырғандай болды. 

Құқық қорғау органының өкілі Дулат Ағаділдің өліміне қайғыра көңіл айтатындарын жеткізіп, "мына жиындарыңыз заңсыз" деп ескертті. 

«18 адам сот шешімімен қамалған, егер келіспесе, апелляцияға бере алады», - деп жауап берді.

Халықтың прокурордың өзіне жолдайтын сауалдары көп болатын. Бірақ бұл тілектері іске аспады. Мән-жайды қысқаша баяндаған орынбасары ішке кіріп кетті. 

Митинг емес, қаралы жиынға жиналдық деген белсенділерді тәртіп сақшылар сырттай күзетіп жүр. 

Дәл қазір белсенділер әкімшілік ғимаратының алдында. Әзірге ешкім халық алдына шығып, мардымды жауап беріп жатқан жоқ. 

"Заң жүзінде, 1 наурыз бейбіт шеруге шығамыз" - деген халық, Дулат Ағаділге құран бағыштап, тарқасты. 

Естеріңізге сала кетсек, 43 жастағы Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында «жүрек талмасынан» қайтыс болғаны туралы хабар тараған еді. Алайда, Ағаділдің жақын таныстары мен туыстары оның жүрегі ауырмағанын айтып жатыр.

Тегтер: