9 Ақпан 18:46

Алматыда жер сілкінісі кезінде сирена қосылмаса да, қалай әрекет ету керектігі хабарлануға тиіс еді

Алматыда жер сілкінісі кезінде сирена қосылмаса да, қалай әрекет ету керектігі хабарлануға тиіс еді
Фото: Фото: kaz.inform.kz

Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшісі Талғат Нұрмағамбетов Алматыдағы жер сілкінісі кезінде кеткен кемшіліктерді атады, деп хабарлайды Kazinform.kz.

Астана, NEGE. «23 қаңтардағы оқиғалар біздің министрлікке оңай тиген жоқ. Мемлекет басшысы баға бергендей, азаматтық қорғаныс бөлімшелері қойылған міндетті атқара алмады. Айтылған сын қатаң әрі әділетті болды. Министрдің ұйғарымы бойынша, осындай жағдайға әкелген себептерді анықтау үшін орталық аппараттан Алматыға арнайы топ жіберілді. Тексеру қорытындысы бойынша министріміз әсіресе Алматы сияқты мегаполисте мұндай жағдайға енді жол бермеу және тәртіптік жазаға тарту туралы акт жасады. Негізгі себептеріне келсек, халықты құлақтандыру жүйесі хабарлауға қабілетті болғанына қарамастан ұйымдастыру және басқару жұмысының әлсіздігін айтуға болады», — деді ол.

Оның сөзінше, қазіргі таңда дыбыстап құлақтандыру қондырғысы Алматыны 100% қамтып тұр.

«Бірақ ондай қондырғымен жер сілкіне қалған кезде қандай әрекет болу керектігі сияқты қажетті ақпарат қана берілуі керек. Өкінішке қарай, сирена дабылын қоспау туралы шешім қабылданған кезде халыққа не істеу керектігін түсіндіру хабары дыбыстап таратылуы керек болған. Төтенше жағдайлар департаменті олай істемеген. Ол жайында айтылды. Тағы қайталап айтайын, жаңа құлақтандыру қондырғысы сынақтан өткізіліп жатыр. Ол жер сілкіне бастаса автоматты түрде халықты құлақтандыра алады. Сынақ оның жұмыс істейтінін көрсетті», — деді министр кеңесшісі.

Сондай-ақ, ол зардап шеккен халықты топтастыруға айтылған сын мен ескерту орынды екенін атап өтті.

«Бұл бағытта да ұйымдастыру жұмысы жүргізіледі. Тексеру адам қабылдайтын орындардың әкімшіліктері мұндай жағдайға дайын емес екенін көрсетті. Кейбірі жабық жатса, кейбірі пана іздеген халықты кіргізбей қойған. Ол бағытта да тиісті жұмыс жүргізіледі. Жекелеген басшыларға тәртіптік жаза қолданылады», — деді Талғат Нұрмағамбетов.