25 Сәуір 18:17
...

Алматыда Желтоқсан көшесі бойымен BRT желісінің құрылысы басталады

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда BRT желісі Тимирязев көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейін ұзартылады. 

Алматы, NEGE. Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, ұзындығы 4,6 шақырым болатын BRT желісінің құрылысы Желтоқсан көшесінде басталады.

Бұл жаңа жоғары жылдамдықтағы автобус жолағы Тимирязев көшесі бойындағы жұмыс істеп тұрған BRT желісін Райымбек батыр даңғылында салынып жатқан жаңа желімен байланыстырады.

Көлік кептелісі мен автотұраққа байланысты туындаған жайтты шешу үшін BRT жолағы жолдың шетімен салынады. Яғни, солтүстік бағытта – жолдың оң жағымен, ал оңтүстік бағытта – сол жағымен өтеді. Жеке автокөлік қозғалысы үшін Абай даңғылынан солтүстікке қарай біржақты қозғалыс пен жолақтар саны сақталады.

Құрылыс қалай жүргізіледі?

Құрылыста ешқандай ғимаратты бұзу және жолды кеңейту қарастырылмаған. Автобус аялдамалары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділікті ескере отырып, арнайы платформада орналастырылады. Жоба аясында бағдаршам нысандарын жаңарту, көше жарығын жетілдіру, тротуарларды плиткамен қаптау арқылы жаяу жүргіншілер бөлігін жаңарту көзделген.

Жұмыс 26 сәуірде басталады. Алғашқы кезеңде инженерлік коммуникация, жиектастар мен арық жүйелері қайта орналастырылады. Бұл жұмыстар жолдың шетінде, көлік қозғалысын шектемей жүргізіледі.

Маусымда жаңа асфальт төселіп, жол таңбалары сызылады. Жол жамылғысы толықтай жаңартылып, қозғалыс 36 сағатқа дейін ішінара шектеледі. Айналма жолдар мен уақыты алдын ала хабарланады.

Жобаны аяқтау осы жылдың соңына жоспарланған.

Жұмыс кезінде жаяу жүргіншілер үшін қандай жайлы жағдай жасалады?

Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту кезінде жөнделетін учаскелердің бойында айналма жолдар, арнайы қоршаулар, пандустар және жарық шағылыстыратын элементтер орнатылады.

Жобаның мақсаты — Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT желісін Райымбек батыр даңғылындағы салынып жатқан желімен біріктіру. Соның нәтижесінде BRT желісі шығыс-батыс қана емес, оңтүстік-солтүстік бағытындағы көлік байланысын да арттырады. Желтоқсан көшесіндегі автобустардың орташа жылдамдығы 40%-ға, ал жолаушылар легі 30%-ға артпақ.

Жаңалықтарды қайдан білуге болады?

Қолға алынған жұмыстар, көлік қозғалысындағы өзгерістер туралы ақпарат тұрақты түрде Almaty_Joly Telegram арнасы, қала әкімдігінің әлеуметтік желілері, сондай-ақ, 2GIS пен Яндекс карталары сервистері арқылы жарияланып отырады.