Алматыда жарты тоннадан астам есірткі тәркіленіп, үш қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды

Алматыда заңсыз айналымнан жарты тоннадан астам есірткі тәркіленіп, үш қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. «Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, қоғамды есірткі қауіпінен қорғау. Биылғы жылдың тоғыз айында Алматы қаласы полициясының бөлімшелері 500-ден астам есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 525 келіден астам есірткі заты, оның ішінде 52 келі синтетикалық және 3 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 255 миллион теңгеден астам ақша мен мүлік мемлекет кірісіне өткізілді», – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Сонымен қатар екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, есірткіні өткізу және таратуға қатысы бар 3 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
Полиция қызметкерлері қазіргі заманғы цифрлық технологияларды белсенді қолдануда. Ұлттық банк және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде биыл заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 1,5 мың отандық және 5 мыңнан астам шетелдік банк картасы, сондай-ақ 312 криптоәмиян анықталып, бұғатталды. 68 миллион теңге сомасындағы күдікті банк операцияларының қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ есірткі таратуға пайдаланылған 2200 интернет-ресурс бұғатталды, олардың 27-сі – тelegram-арна.
Білім беру ұйымдары, жастар бірлестіктері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 700-ден астам кездесу, науқан және түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Қала көшелерінде есірткі жарнамасы бар граффитилер күн сайын боялып, әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде, жедел желі мен анонимді чаттар тұрақты түрде жұмыс істейді.