Алматыда жаңа салынып жатқан екі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды
Алматыда халықаралық әуежай маңында салынып жатқан Bastion және Dream City Tech тұрғын үй кешендерінің құрылысы тоқтатылды.
Астана, NEGE. Қалалық әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, әкім орынбасары Бейбіт Шаханов құрылыс барысына тексеру жүргізген.
Тексеру кезінде Bastion тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың қажетті келісімі мен рұқсатынсыз жүргізіліп жатқаны анықталған.
Бейбіт Шахановтың айтуынша, бұл күзет аймағында ғимараттардың қабат санына шектеу қойылған, сондықтан бұл аумақтағы барлық нысан міндетті түрде келісім алуға тиіс. Талап сақталмаған жағдайда құрылыс жұмыстары тоқтатылады, қажет болса сүріледі.
«Сонымен қатар Dream City Tech тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында құрылыс салушының қасбетті келісімсіз қаптай бастағаны белгілі болды. Әкімнің орынбасары «Шығыс қақпасы» полиорталығындағы құрылыс бірыңғай бекітілген сәулеттік тұжырымдамаға сай болуы керектігін атап өтті», – делінген әкімдік хабарламасында.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты қажетті құжат алынғанға дейін құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім қабылданған.