Алматыда зейнеткерді алаяқтардан құтқарған курьер марапатталды
Алматы полициясы зейнеткерді алаяқтың құрығынан аман алып қалған курьерді марапаттады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Астана, NEGE. Оқиға кезекті тапсырысты орындау кезінде болған. Курьер Нартай Есімханов зейнеткерден сәлемдеме қабылдап алғанымен, әйелдің қатты қобалжып тұрғанын әрі сұрақтарға нақты жауап бере алмағанын байқайды. Осыдан кейін ол тапсырысты жеткізуден бас тартып, болған жағдай туралы полицияға хабарлаған.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары әйелдің телефон алаяқтарының арбауына түскенін анықтады. Алаяқтар оны «ақшаны тексеру» сылтауымен 3 мың АҚШ долларын джинсының қалтасына жасырып, курьер арқылы беріп жіберуге көндірген. Жедел әрекеттің арқасында қылмыстық жоспар жүзеге аспай, ақша иесіне қайтарылды.
Азаматтық жауапкершілік танытқан Нартай Есімхановты Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов алғыс хатпен және естелік сыйлықпен марапаттады. Оның айтуынша, мұндай батыл әрекеттер азаматтарды қылмыстан қорғауда маңызды рөл атқарады.
«Бүгін біз полиция қызметкері болмаса да, өз іс-әрекетімен азаматтарды қылмыстан қорғауға елеулі үлес қосқан азаматты құрметтеп отырмыз. Осындай бейжай қарамайтын адамдардың арқасында қылмыстың алдын дер кезінде алып, қиын жағдайға тап болған жандарды қорғауға мүмкіндік туады. Нартайдың бұл әрекеті Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын айқын көрсетеді», – деді Айдын Қабдұлдинов.
Өз кезегінде курьер жеткізу қызметінде жұмыс істейтін әріптестерін қырағы болуға шақырды.
«Барлық курьерлерді адамдарға, әсіресе егде жастағыларға барынша мұқият әрі жанашыр болуға шақырамын. Егер адамның іс-әрекеті күмәнді көрінсе немесе күдік тудырса, бұл туралы бірден «102» нөмірі арқылы полицияға хабарлаған дұрыс. Мүмкін дәл сіздің қоңырауыңыз қылмыстың алдын алып, біреуді үлкен қиындықтан құтқарып қалар», – деді ол.
Полиция интернет және телефон алаяқтығына қарсы күресте қоғамның белсенділігі шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Тұрғындардың қырағылығы мен дер кезінде берген ақпараты көптеген қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді.