USD
USD
USD

Алматыда тұрғын үй кешенінде шыққан өрт кезінде бір адам көз жұмды

Алматыда 24 тамызға қараған түні тұрғын үй кешендерінің бірінде шыққан өрт салдарынан төрт адам ауруханаға түсіп, бір адам қаза болды.

Алматыдағы өрт
Фото: Видеодан кадр/ instagram.com/112almaty

Астана, NEGE. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, сағат 22:49-да  Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайында орналасқан 13 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарындағы, сондай-ақ бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандары өртеніп жатқанын анықтаған.

Оқиға орнынан 150-ге жуық адам құтқарылғанымен, ес-түссіз күйде табылған адамды аман алып қалу мүмкін болмады.

«Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Баспалдақ арқылы 148 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, зардап шеккен адамды құтқарып алу мүмкін болмады», – делінген хабарламада.

Өрттің өршуіне оның кеш хабарлануы себеп болған. Алдын ала мәлімет бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындар тарапынан өртке қарсы қызметке дер кезінде хабарлама түспеген.

Өртті сөндіруге шамамен 90 құтқарушы мен 25 арнайы техника жұмылдырылды.

ТЖД өкілдерінің мәлімдеуінше, бұған дейін тұрғын үй кешеніне өрт-техникалық тексеру жүргізіліп, тексеріс нәтижесінде жауапты тұлғаларға өрт қауіпсіздігіне байланысты ақауларды жою жөнінде нұсқама берілген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Қазір оқып жатыр

Әскери қызметшілерге қызметтен кетерден алты ай бұрын жұмыс табуға көмектеспек

Әскерилер

Н. Төреғалиев: Ақ Жайық өңірі көрші елдердегі қандастармен тұрақты байланыс орнатып келеді

Форум

Алматы әкімдігі билбордтар орнатуға 600-ден астам жер телімін заңсыз берген

Алматы

Күшті әсер ететін заттар Wildberries арқылы арықтауға арналған дәрі ретінде сатылған

күшті әсер ететін дәрілер