20 Тамыз 10:56

Алматыда шахматтан жартылай финал кубогының жарысы өтті

Senat Open
Фото: Senat Open

17 тамыз күні Алматы қаласында ҚР Парламенті Сенатының шахмат ойынынан Senat Open ашық кубогының жартылай финалдағы турнирі өтті. Бұл турнирге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аясында, Freedom Holding Corp компаниясының серіктестігімен барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Жартылай финалға дейін 2024 жылдың 21 сәуірінен бастап 15 облыс өзара жарысып, кейін әр аймақтан 25 қатысушыдан іріктеп алынды.

Әл-Фараби атындағы Казақ Ұлттық университетінің кітапханасында өткен бұл сайыста 100 ден астам қатысушы бақ сынады.

«Бүгін мен Senat Open өткізіп жатқан шахмат жарысына Жетісу облысының атынан қатысып жатырмын. Маған осындай жан-жақты дамыған мықты ойыншылардың арасында жүру үлкен құрмет. Бүгін біз үшін жемісті күн. Себебі, ойынның арқасында көп адаммен танысып, араласып жатырмыз. Тек мұнда жастардың қатары аз болғаны өкінішті, көбіне шахматқа әуесқой жасы үлкен кісілер қатысып жатыр. Жастардың да арасында бұл ойын кеңінен танылғанын қалаймын. Ұйымдастырушыларға рахмет, бәрі жоғары деңгейде өтуде. Осындай шаралар көп бола берсін!», - деді жарысқа қатысушы Бакирова Динара.

шахмат
Фото: Senat Open

Ойын барысы қалай өтіп жатқаны туралы бас төреші Караев Асылханнан сұрап көрдік. 

«Бүгін біз жартылай финал турнирін өткізіп жатырмыз. Бұл сайыста бес облыс пен үш республикалық маңызы бар қаладан келген қатысушыларды байқауға болады. Қатысушылардың барлығы мықты, әсіресе, ардагер ойыншылар жастарына қарамастан жоғары ұпайлар жинауда. Жарыс барысы ешқандай жанжалсыз, көтеріңкі көңіл күймен өтуде. Әрине, финалға тек 25 адам өтеді, қалғандары ойнап қайтуға қарсы емес. Менің ойымша, Талдықорған қаласының тұрғындары жеңіске жететін сияқты», - деді бас төреші.

Еске салатын жайт, ойындардың ашылу салтанатына Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев және KazChess басшылығы қатысты. Ал, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жартылай финал қатысушыларына бейне құттықтау жолдады.

Шахмат
Фото: Senat Open

Ары қарай бұл финалдан іріктелген 25 ойыншы Астанаға финалға барады. Ал, қалған ойыншыларға ойынға қатысқан үшін сертификат берілді. Тамыз айының соңында бас қалада өтетін финалда Парламент депутаттары мен республикалық БАҚ журналистерін қосқанда 200-ге жуық ойыншылар сайысқа түседі. Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық адам қатысады.