19 Қыркүйек 18:40
...

Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды

Шахмат
Фото: Шахмат федерациясы

Турнир 2025 жылғы 19-30 қыркүйек аралығында өтеді. Жас санаттары – U8, U10 және U12.

Алматы, NEGE. Чемпионатқа қазірдің өзінде 88 елден 850-ден астам жас шахматшы тіркелді. Олардың қатарында Үндістаннан (28), Қытайдан (25), АҚШ-тан (24) қатысушылар бар. Қазақстан чемпионат иесі ретінде 200-ден астам ойыншы шығарады.

Турнирдің ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess). Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович және KazChess президенті Тимур Турлов қатысты.

Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздегі өзге спорттық шаралардың ешқайсысы да мұндай ауқымды қатысушылар құрамын жинамаған. Бұл – қазақстандық шахмат пен тұтас еліміз үшін тарихи сәт. Біз қонақтарды тек қонақжай ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі әрі турнирдің басты фавориті мәртебесінде қарсы алып отырмыз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Қазақстанда шахматтан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстардың, соның ішінде әлем чемпионаттары мен ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч та өткізілді.

Өткен жылы Италияның Монтесильвано қаласында өткен Әлем чемпионатына 77 елден 700-ден астам жас шахматшы қатысты. Биылғы чемпионатта қатысушылар саны артып, 88 елден 851 ойыншы, соның ішінде 231 қазақстандық тіркелді.

Ашылу рәсімінен кейін бірден 1-ші тур басталды. Жалпы 19–30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 тур өтеді. Уақытты бақылау – 90+30 форматы (әр партияға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады).

11 турдың қорытындысы бойынша әлем чемпиондары, күміс және қола жүлдегерлер анықталады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты жас санатында өтіп жатыр: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.

25 қыркүйек – демалыс күні. Бұл күні жас спортшылар үшін арнайы мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылады: олар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсияға шығады (онда Халықаралық шахмат күні – 20 шілдеде ашылған Minecraft стиліндегі шахмат атының арт-объектісі бар), сондай-ақ шешім шығару бойынша әлем чемпионатына және жүлде қоры 2000 АҚШ долларын құрайтын блиц-турнирге қатыса алады.

Чемпионат аясында 27–28 қыркүйекте Satbayev University-де (Алматы, Сәтпаев көшесі, 22) «Білім берудегі шахмат» атты III Халықаралық конференция өтеді. Конференцияға FIDE-нің «Chess in education» комиссиясының төрағасы, АҚШ өкілі Джерри Нэш қатысады.