2 Қараша 12:33
...

Алматыда ғылыми кітапхана ашылды

Сералы Қаниев
Фото: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Күрделі жөндеуден өткен ітапханаға  ұлағатты ұстаз Сералы Қаниевтың аты берілді.

 Алматы, NEGE. Жаңарған кітапхананың ресми ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі.

«Шын мәнінде, бүгін – айтулы күн. Кез келген білім ошағының жүрегі – ол кітапхана. Ең жоғары стандартта жасалған, ең мықты электрондық, цифрлық платформалары бар бұл ғылыми кітапхана студенттер мен оқытушылар, жалпы кітапсүйер қауым үшін білімдерін арттыруға бағытталған мықты орталық боларына сенімім мол», – деді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Сералы Қаниұлы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаз, белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ ССР ағарту ісінің және КСРО Жоғары мектебінің үздігі, еңбек ардагері. 40 жылға жуық Қазақ қыздар педагогикалық институтында қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.

Кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Гүлмира Қанай және Сералы Қаниұлының жақын туыстары да қатысты.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бұл кітапхана білім мен мәдениеттің нағыз орталығы екенін атап өтті. Ұлағатты ұстаздың келіні Жанат Дербисалина университет ұжымына: «Әкемізге осындай құрмет көрсетіліп жатқанына өте қуаныштымыз. Ол кісінің есімі университет қабырғасында, жүрегімізде мәңгілікке сақталады», деген алғысын білдірді.

Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сералы Қаниевтың ұлы Берік Қаниевке кітапхананың ашылуына зор үлес қосқаны үшін Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай да алғысын айтып, университет кітапханасына Сералы Қаниевтың аты берілгені өте маңызды оқиға екенін атап өтті.

Жаңартылған кітапхана студенттер, оқытушылар және зерттеушілер үшін заманауи білім беретін мәдени орталыққа айналады. Мұнда олар ғылыми қорлармен жұмыс істеп, оқу және зерттеу жұмысын жүргізу үшін ең соңғы технологияларды пайдалана алады. Жаңа кітапхана кеңістігі ыңғайлылық пен жайлылықты ескере отырып жобаланған. Онда топтық және жеке жұмыстарға арналған алаңдар бар. Сондай-ақ озық жабдықтар мен электрондық ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етілген.