Алматыда сел қаупіне байланысты Наурызбай ауданы тұрғындары эвакуациялануда
Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатыр.
Астана, NEGE. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тұрғындар уақытша аудандағы мектептер жанынан ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылуда.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Тұрғындар үшін 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі ашылды. Қазіргі уақытқа дейін оған төрт қоңырау түскен.
Ведомство өкілдері барлық шара жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, жағдай бақылауда екенін хабарлады.
Қазіргі уақытта Наурызбай ауданы аумағындағы гидрологиялық жағдай тұрақты деп бағаланды.
«Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті, бақылау және хабарлау қызметі, сондай-ақ "Қазселденқорғау" мекемесінің авариялық-механикаландырылған бригадасы мен азаматтық қорғау қызметтері толық дайын және гидрологиялық ахуалды тәулік бойы бақылауды жалғастырып жатыр», – делінген хабарламада.
Жағдай толық тұрақтанып, қауіп сейілген соң тұрғындар үйлеріне орала алады.