Алматыда полиция қызметкері 77 жастағы әженің қабырғасын сындырды

Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің 77 жастағы әжеге жабылып, кейін біреуінің қарияның қатты итеріп қабырғасын сындырған видеосы тарады.
Алматы, NEGE. Жазба авторының айтуынша, бұл 2 қазан күні Іле ауданы Өтеген Батыр кентінде болған. Видеодан полиция қызметкерлері кейуанаға “Шығамыз, ештеңе алмайсыздар” деп пәтерден итеріп, шығарып жатқанынын көруге болады. Бізде қызметкерлердің бірі 77 жастағы әжейде бар күшімен итеріп жібергенге қария баспалдақтың қоршауына соғылды.
Ауырсынуы жанына батып кеткен кейуана “ойбайлап” сала берді.
“Аудандық аурухана “айтарлықтай ештеңе болған жоқ” деп науқасты қабылдамай қойды. Әжені тексерместен ауырсынуды басатын дәрі егіп берді. Тексеру үшін қалалық ауруханаға бардық. Травматологиялық пункте қабырғасы сынғанын анықтады”, – деп жазды автор.
Кейін сот істеріне байланысты пәтерді прокуратура қызметкерлері жауып тастағаны белгілі болды. Тұрғындар үйден шығарылған сәтте үйден қажетті заттарын алып үлгермегендіктен, жылы киімдері мен керек дүниелерін алу үшін пәтерді ашуды сұраған. Олар заттарын жинап жатқан кезде, полиция қызметкерлері тездету үшін күштеп итере бастаған.
Болған жағдайға қатысты полиция түсініктеме берді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына қадағалау органдары және сот орындаушыларымен бірге тұрғын үйден шығару туралы сот шешімін орындау үшін барған.
“Әйел мемлекеттік органдар өкілдерінің заң талабына бағынудан бас тартқандықтан жанжал туындаған. Полиция қызметкерінің дөрекі әрекеті дұрыс емес. Аталған факті бойынша қызметтік тергеу тағайындалды, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады. Тексеру барысы менің жеке бақылауымда”, – деді Алматы облысы полиция департаментігінің басшысы Мейрам Абикеев.