Алматыда перзентханада ана мен бала көз жұмды
Алматыда мамыр айының басында перзентханада 32 жастағы келіншек пен оның іштегі сәбиі көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерлерді немқұрайлық танытты деп кінәласа, дәрігерлер науқастың ауруханаға ауыр жағдайда түскенін алға тартады. Желіде ана мен бала өліміне қатысты түрлі пікір айтылуда.
Астана, NEGE. «КТК» арнасы таратқан ақпаратқа қарағанда, жүктілігінің сегізінші айында басы айналып, есінен танып қалған әйел дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алайда перзентханаға барған соң, алдымен сәбиі, екі күн өткен соң әйелдің өзі қайтыс болған.
Туыстарының айтуынша, келіншек жүктіліктің сегізінші айына дейін денсаулығына мүлде шағымданбаған. Алайда аяқ астынан талып қалғандықтан, ауруханаға тексерілуге барған. Ал ондағы дәрігерлер «қажет жабдығымыз жоқ» деп, оны перзентханаға жіберген. Ондағылар да әйелді қабылдамай, басқа перинаталдық орталыққа аттандырған. Сол жерде келіншекті шұғыл кесір тілігімен босандырған. Өкінішке қарай, іштегі сәби өлі туған. Осыдан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, екі күннен соң жан тапсырған.
Марқұмның отбасы әйел мен шақалақ өлімінің нақты себебін анықтауды талап етуде. Ал дәрігерлер науқастың ауруханаға түскен сәттен бастап жағдайы ауыр болғанын алға тартып, сол себепті оны мамандандырылған медициналық мекемеге ауыстыруға шешім шығарылғанын айтады.
«Өкінішке қарай, жүргізілген реанимация және қарқынды емдеу шараларына қарамастан, пациент пен баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желілерде дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге қатысты айтылып жатқан айыптаулар – ресми мәлімдемеге дейін ерте жасалған және объективті емес деп есептейміз», – дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.
Қазір адам өліміне әкелген бұл дерек бойынша министрлікке қарасты Медицина және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары ана мен бала өліміне не себеп болғанын, көмек көрсетуде қандай да бір заңбұзушылыққа жол берілген-берілмегенін тексеруде.
Қазір оқып жатыр
Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады – Тоқаев
Айгүл Сайлыбаеваның қазасы: Ресейде күдікті Донцовтар ұсталды
6-7 маусымда Астанада Astana Half Marathon-ға байланысты қозғалыс шектеледі
Қырғызстанның экс-премьері Данияр Үсеновтің ұлы Алматыда қамауда отыр