Алматыда ONAY төлем жүйесінің орнын басқа платформа баса ма?
Алматыда қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің жаңа кезеңі басталуы мүмкін.
Алматы, NEGE. Қаладағы қоғамдық көлікте төлем жасауға арналған ONAY жүйесінің орнын басқа платформа басуы мүмкін. Avtobys электронды төлем платформасы ONAY жүйесіне балама ретінде ұсынылған.
Қала әкімдігінің NEGE тілшісіне берген жауабында қоғамдық көліктер ONAY жүйесінен түбегейлі бас тартпайды.
Avtobys жобасы алдымен бірнеше бағытта кезең-кезеңімен сынақ режимінде енгізіледі. Егер оң нәтиже көрсетсе, жүйе толық қолданысқа енуі мүмкін.
Avtobys платформасы туралы не белгілі? Жоба кімге тиесілі?

Avtobys-тың әлеуметтік желідегі парақшасындағы мәліметке сәйкес, платформаны отандық Innoforce холдингі әзірлеген. Компания мәліметінше, Avtobys – тек жолақы төлеу құралы ғана емес, қалалық мобильділікті басқаруға арналған толыққанды цифрлық экожүйе.
Avtobys платформасының меншік құрылымы үш компаниядан тұратын консорциумға негізделген. 2025 жылғы қаңтарда олар Innoforce PLC аталатын қоғамдық компанияға біріктірілген. Компания Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген және құрамында жеті құрылтайшы бар. Сонымен қатар, құрылтайшылар тізімінде корпоративтік құрылым ретінде Astana Technology Fund (ATF) қоры да бар.
Astana Technology Fund (ATF) қоры Шығыс Қазақстан облысында тіркелген және шетелдік Z.H.B.K Consult FZC компаниясына тиесілі. Қор стартаптарға инвестиция салады, оның веб-сайтындағы «Портфель» бөлімінде шамамен 10-нан астам жоба көрсетілген.
Олардың арасында ата-аналарды әбігерге салған YAYA сервисі бар. Сондай-ақ, қор портфелінде яхта брондау қызметі және әлемнің кез келген нүктесінен нақты дрондарды басқаруға мүмкіндік беретін онлайн-жоба секілді стартаптар кездеседі.
Платформа Алматыға дейін Қазақстанның 22 қаласында, соның ішінде Астана мен Шымкентте, сондай-ақ Қырғызстанның Ош қаласында қолданылып келеді.
Avtobys сынақтан сәтті өтсе, ONAY жүйесін ығыстыра ма?
Аталмыш сұраққа әкімдіктен нақты жауап ала алмадық. Айтуларынша, екі жүйе де қатар жұмыс істейтін болады.
«Алматыда қоғамдық көлікке арналған Avtobys цифрлық жолақы төлеу жүйесін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Бұл Қазақстан мен Қырғызстанның 24 қаласында жұмыс істеп тұрған, қоғамдық көлікке арналған заманауи шешім. Жүйені отандық Innoforce технологиялық холдингі әзірлеген және Алматыда қалалық көлік жүйесін цифрлық басқаруға көшу аясында енгізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтары 10 жылдан бері қоғамдық көлікте ONAY төлем жүйесін қолданып келеді. ONAY 2015 жылғы 1 қазаннан бастап енгізілген еді.

Жобаның құны 837,5 миллион теңгені құрап, оны Алматы әкімдігі «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС-мен бірлесе жүзеге асырған.
«Алматы қаласының көлік холдингі» құрылтайшылары ретінде «Onay Solution» ЖШС және Садир Хамраев көрсетілген.«Onay Solution» компаниясы Илья Кан мен Виталий Канның меншігінде. Сонымен қатар құрылтайшылар қатарында Ольга Нигай бар.
ONAY жүйесінің қызметі ары қарай қалай жалғасатынын сұрап, компания өкілдеріне хабарласқан едік. Олар бұл мәселеге қатысты пікір білдірмейтіндерін жеткізді.
«Компания өз жұмысын қалыпты режимде жүргізіп жатыр. Қалған сұрақтар бойынша тиісті мемлекеттік органға хабарласуды ұсынамыз», – делінген компанияның NEGE-ге берген жауабында.
Avtobys-тың ONAY-дан қандай айырмашылығы бар?
Avtobys жолаушыларға жолақы төлеудің ыңғайлы тәсілдерін ұсынады. Қала тұрғындары мен қонақтары жол ақысын банк картасымен, көлік картасымен, сондай-ақ Apple Pay және Google Pay арқылы төлей алады. Сонымен қатар Avtobys мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен, Bluetooth, NFC немесе көлік нөмірі бойынша, сондай-ақ банк пен ұялы байланыс операторларының қосымшасы арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар.
Жүйені пайдалану үшін жолаушыларға Google Play немесе App Store дүкендерінен Avtobys қосымшасын орнатып, телефон нөмірі арқылы тіркеліп, смарт-әмиянды толтыру жеткілікті. Барлық негізгі функция бір қосымшада шоғырланған, сервис орталықтарына бару қажет емес.