27 Маусым 18:22

Алматыда Nurlan Kapparov Fellowship панелдік сессиясы өтті

Ерболат Досаев
Фото: Nege

Алматыда Nurlan Kapparov Fellowship панелдік сессиясы аясында Гарвард университеті Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде сапалы білім алу жөнінде ақпаратқа толы әлеуметтік-білім шарасы өтті.

 

Алматы, NEGE. Қазақстан және Орталық Азия талапкерлеріне және Кеннеди атындағы басқару мектебінің магистратура бағдарламасы бойынша оқуға түскен магистранттарға осы оқу орнының 2003 жылғы түлегі, мемлекеттік қызметкер және кәсіпкер Нұрлан Қаппаров атындағы стипендия тағайындалады. Бұл стипендия алғаш 2016 жылы енгізілсе, биыл стипендия лауреты 8 адамға жетті.

Айта кету керек, Нұрлан Қаппаров білім алған республикалық физика-математикалық мектебі 50 жыл ішінде 11 мыңнан астам түлекке қанат бітірді. Бүгінде осы мектеп бітірушілерінің көбі мемлекет тізгініндегі саясаткер, білікті ғалым, жетістікке жеткен кәсіпкер. Сонау 1990 жылы дәл осы мектепті тәмамдаған түлектер Нұрлан Қаппаров, Берік Қаниев, Ерболат Досаев РФММ бітірушілерінің қорын құрып, білім ұясының әрі қарай да дамуына материалдық көмек көрсетті. Бәрімізге белгілі, бүгінде республикалық физика-математика мектебі халықаралық және республикалық олимпиадаларда оқ бойы озық тұрып, жеңіске жету көрсеткіші бойынша Қазақстандағы бірден-бір көшбасшы.

Қауһар Қаппарова
ғаламтордан

Осы шараға арнайы қатысқан Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев: «Нұрлан Қаппаров өмірден ерте кетсе де, соңында білімге деген құштарлығы, адамдарға деген махаббаты, өмірге деген көзқарасы қалды.

Оның атындағы стипендия білім саласындағы тарих парақтарына енді. 2016 жылы тағайындалған стипендияның мақсаты – адамдарға көмектесу, өз жолын тауып, мақсатына жетуге мүмкіндік беру. Осы күзде Нұрланмен таныс болғаныма 40 жыл толады.

Біз 1990 жылы республикалық физика-математика мектебін бітіріп, тәуелсіз Қазақстанның құрылуына куә болып, экономикалық тұрғыдан аяқтан тұруына белсенді түрде қатыстық. Нұрлан қысқа өмірінде үлкен жетістікке қол жеткізген, өз жолы бар белгілі кәсіпкерге айналды. Мұндай деңгейге білім мен өмірге деген құштарлығы жеткізді», – деді.

Бүгінде Нұрлан Қаппаровтың қайырымды игі ісін жұбайы Гауһар Қаппарова жалғастырып келеді. Оның мұрындық болуымен жыл сайын Алматы технология университетінде оқығысы келетін талантты талапкерге Н.Қаппаров атындағы білім гранты беріледі. Бұл стипендияға 5 студент ие болған.

Гауһар Қаппарова қоғамда қашан да білім саласына басымдық берілетінін айта келе: «Бұл іс-шара білім алуға, болашақтың жарқын болуына құйылатын инвестицияның маңыздылығын көрсетеді.

Нұрлан әрқашан білімге, жаңалыққа ұмтылды. Оның білімге деген сенімі және жастарға қолдау көрсетуі бізді стипендиялық бағдарламаны құруға түрткі болды. Ол тірі болса, жастарға қандай кеңес берер еді?

 «Батыл болыңыз, армандаңыз, талпыныңыз, қамқор және қызық болыңыз» дер еді. Демек, қол жетпейтін арман болмайды. Нұрлан мемлекеттік қызметте, басқа да қат-қабат жұмыстарды атқара жүріп, тағы да білім алуға күш салды. Әуелі ағылшын тілін меңгерді. Гарвард университеті Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде оқыды. Таң атқаннан кешке дейін ізденді. Қиын болса да, бұл оған ұнайтын», – деді пікірінде.

Nurlan Kapparov Fellowship панелдік сессиясы аясында кәсіпкер Нұрлан Қаппаровтың өмірбаяны, еңбегі, қызметі, кейінгі жастарға деген үлгі істері арнайы дайындалған бейнефильмде айтылды. Сонымен қатар әр жылдарда NK стипендиясының лауреаты атанғандар дәріс оқып, презентацияларын көрсетті. Ал сұрақ-жауап сессиясында қызығушылық танытқан жастар сұрағын Гарвард Кеннеди мектебінің (HKS) қабылдау комиссиясы өкілдеріне қойып, жауап ала алды.