24 Мамыр 14:30
...

Алматыда «Jibek Joly. Limitless Sound» open-air фестивалі өтіп жатыр

Фестиваль
Фото: gov.kz

Алматыда өнерсүйер қауымды көптен күттірген «Jibek Joly. Limitless Sound» open-air фестивалі мен «Ün Music Week» бірінші халықаралық музыкалық мәдени-білім беру апталығы басталды. Орталық Азия мен Түркітілдес халықтардың музыка нарығын қолдау мен дамытуға арналған ауқымды шара 25 мамырға дейін жалғасады.

22 мамыр күні Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында фестивальдің шымылдығы салтанатты түрде ашылды. Жиынды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзімен бастады. Шара аясында тоғыз елдің орындаушылары мен 12 елдің музыка индустриясының сарапшылары бас қосып отыр.

фестиваль
gov.kz

Іс-шара Алматы қаласы Әкімдігі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, "GloMMnet" халықаралық коммерциялық емес ұйымының, "TurkSib Music Initiative" қолдауымен ұйымдастырылған. Жобаның бұған дейін елімізде өткен фестивальдерден ерекшелігі – қала қонақтары мен тұрғындары 24-25 мамыр күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет саябағындағы дайындықты, сахнадағы репетицаларды, жәрмеңке мен фудкорттың ашылуын тамашалауға мүмкіндік алған. Бағдарлама аясында пікірталас және opеn-air гала-концерті тарту етіледі. Осылайша шоукейс жоба жалпақ жұртқа түрлі халықтардың дәстүрлі және заманауи этникалық музыкасын жақынырақ таныстырады.

Айтулы шараға Франция, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Эстония, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан, Марокко, Венгрия елдерінің жетекші сарапшылары мен мамандары ат артып келді. 23-24 мамырда қазіргі әлемде музыка индустриясын дамытудың өзекті мәселелеріне арналған конференция өтеді. Алыс-жақын шетелден жиылған сарапшылар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен дөңгелек үстелге қатысып, халықаралық музыка өнерінің бүгіні мен ертеңі жайлы өз ойларын ортаға салады. Сондай-ақ музыка саласын дамытуға, мәдени тәжірибе алмасуға қатысты түрлі тақырыптарды талқылайтын болады.

Апталық 25 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры саябағында өтетін «Jibek Joly. Limitless Sound» гала-концертімен жалғасады. Онда 9 мемлекеттің айтулы әншілері өнерін ортаға салады.

ШЫҰ Цифрлық технологиялалар платформасы пилоттық жобасының жетекшісі Тон Дань: «Бұл фестиваль – әлем елдерінің мәдениетін бір арнаға топтастыра отырып, арадағы ынтымақтастықты нығайтады», – дейді.

елші
gov.kz

Қырғызстанның белгілі әншісі Гүлзада Рысқұлова «Жібек жолы үні» фестивалін тағатсыздана күткенін алға тартты. Орталық Азия мен Түркітілдес халықтарды бір арнаға тоғыстырған жобаның музыка индустриясына соны леп әкелеріне сенімді екенін жеткізді. Қырғыздың дәстүрлі музыкасын түрлі жанрлармен селбестіре отырып танылған ол фестиваль аясында өтетін концертте қос туынды орындайтынын жеткізді.