18 Желтоқсан 17:30
...

Алматыда мопед жүргізушілері жаппай электр велосипедтерге ауысып жатыр

freepik.com
Фото: freepik.com

Алматыда мопедтерді міндетті түрде тіркеу талабы енгізілгеннен кейін бұл көлікті пайдаланушылар жаппай электр велосипедтеріне ауысқан. 

Астана, NEGE. Осы жылдың 5 сәуірінен бастап мопед жүргізушілері «А» санатындағы жүргізуші куәлігін алып, көлігін тіркеуге міндеттелді. Қазіргі таңда Алматыда шамамен 20 мың мопед тіркелген.

«Енді бізде жаңа мәселе пайда болды. Мопедін тіркеп, жүргізуші куәлігін алғысы келмегендер электр велосипедтеріне ауысты. Сұраныс әрдайым ұсынысты тудырады. Негізінен мопедтерді курьерлік қызмет көрсететін адамдар пайдаланып келген. Бұл табыс көзін ешқашан жоққа шығармаймын. Біз жастардың жұмыс процесіне араласуын қолдаймыз. Бірақ бұл заң аясында іске асырылып, ешкімге қауіп төндірмеуі керек. Ал қазір курьер сөмкесін ұстаған адамды көрсе, жұрттың бірден қауіптеніп, жан-жаққа қашатыны бар», – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек QALA VISION подкастында.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазір электр велосипедтеріне де қатысты заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр.

«Қала тұрғындары оны (балама көлік түрін – ред.) неге ұнатпайды? Өкінішке қарай, бұған бастан өткен тәжірибе себеп. Мопедтерді жабайы түрде айдады, тротуармен жүрді, жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Мопед жүргізушісі Төле би көшесінде үш айлық сәбиін бесікарбамен сүйреп бара жатқан ананы қағып кеткен. Ол тіпті тоқтамаған. Оны табу үшін көп уақыт пен күш жұмсауға тура келді. Оны табу неге қиынға соқты? Себебі ешқандай тану белгілері, мемлекеттік нөмірі болмаған», – дейді департаменттің ресми өкілі.

Бұған қоса, қалада шамамен 30 мың электр самокаты пайдаланылып жүр.