15 Маусым 11:19
...

Алматыда метро құрылысын бақылайтын штаб құрылады

Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі метро құрылысын апта сайын бақылап отырады.

Алматы, NEGE. Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, Дархан Сатыбалды жаңа метро бекетінің құрылыс барысын тексерді. Жобаға сәйкес, қолданыстағы «Бауыржан Момышұлы» бекетінен «Қалқаман» бекетіне дейінгі аралықтағы тоннельдің ұзындығы – 1,98 шақырым. Қазір сол жақ бағыттағы тоннель толық қазылып біткен, ал оң жақ бағытта 887 метр жер қазылған.

«BCN group» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичтің айтуынша, тоннель қазу жұмыстарымен бір уақытта станцияның құрылысы да белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қазір желдету ұңғымасы салынды, қазу жұмыстары аяқталды, ал бетон құю жұмыстары 28 пайыз орындалды.

«Нысанды 2026 жылдың қаңтар айына дейін толық аяқтау үшін құрылыс қарқынын арттыру қажет. Осы мақсатта арнайы штаб құрылатын болады. Оның құрамына қала әкімінің сала бойынша орынбасары, тиісті басқарма басшылары, мердігер ұйым өкілдері, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау мамандары кіреді. Штаб отырыстарында жұмыстардың барысы апта сайын талқыланып, қатаң бақылауда болады», – деді Алматы әкімі.

Құрылыс алаңында қала әкіміне метро желісін әрі қарай кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндалды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аралықта тағы үш бекетті қамтитын жаңа бағыттың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Жобаны құрылыс басталған сәттен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Жібек жолы» станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі екінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Ал «Сайран» станциясынан Алатау қаласына дейінгі үшінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға байқау жарияланды.

«Біз «Барлыққа» дейінгі желі құрылысын күтіп отырмай, метроның тағы екі желісінің құрылысын қатарынан бастауды қарастыруымыз керек. Яғни, үш жыл күтпей, барлық желі бойынша жұмыс қатар жүруі тиіс. Жалпы, метро – Алматы қаласының көлік жүйесінің маңызды элементі. Ол қала тұрғындарының қозғалысын жеңілдетіп, күн сайын қала жолдарымен жүретін көлік санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан метрополитенді дамытуға ерекше назар аударылатын болады», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Тегтер: