Алматыда мектеп оқушыларына қаржылық қауіпсіздік сабақтары өтіп жатыр

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаментінің қызметкерлері жастар саясаты басқармасымен бірлесе отырып, 9–11 сынып оқушыларына арналған қаржылық қауіпсіздік бойынша дәрістер циклін өткізуде.
Алматы, NEGE. 2025 жылдың 25 қыркүйегінде Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы № 207 мектеп лицейінде жоғары сынып оқушыларына арналған дәріс өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жастардың қаржылық мәселелерге жауапты қарау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ заңсыз схемелерге тартудың алдын алуға бағытталған.
Дәрістер барысында жоғары сынып оқушылары интернет-алаяқтықты қалай анықтау және оның құрбаны болмау жолдары туралы практикалық білім алады.

Оқушыларға «дропперлердің» кім екені, қаржылық пирамидалардың қалай жұмыс істейтіні түсіндіріліп, күмәнді сілтемелер мен сайттарды тексерудің қарапайым әрі қолжетімді тәсілдері көрсетіледі.
Ерекше көңіл жасөспірімдердің «интернет-алаяқтарға» қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға және цифрлық ортада сыни ойлауын дамытуға бөлінеді.

Жаңа оқу жылының басынан бері Алматы қаласы бойынша ДЭР қызметкерлері қаладағы ЖОО-ларда, колледждерде және мектептерде кездесулер өткізіп, 1000-нан астам тыңдаушыларды қамтыды. Дәрістер оқушылар мен педагогтардың жанды қызығушылығын туғызып, алынған ақпараттың практикалық маңыздылығы аталып өтті.
Мұндай іс-шараларды өткізу жұмысы қаланың барлық аудандарында жалғасын табады, осылайша алматылық жастардың көбірек бөлігі қауіпсіз әрі саналы қаржылық мінез-құлыққа қажетті білім алады.