17 Сәуір 19:00

Алматыда «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» мерекесінің құрметіне орай қандай шаралар ұйымдастырылды?

Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

15 сәуір – ғашықтар мерекесі атап өтіледі. Көктемнің бұл күні – сүйіктіңізге сезіміңізді білдірудің тамаша сәті. Мереке танымал эпостың қаһармандары Қозы-Көрпеш пен Баян сұлудың құрметіне аталған.

Алматылықтар бұл мерекені 2011 жылдан бастап атап өтіп келеді. Ғашықтар күнін тойлаудың алғашқы жылында Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы аталмыш мерекені мерекелік шаралар тізіміне қосты. Содан бері Алматы шаһарында ғашықтар күніне арналған түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ғашықтар күнін тойлаудың алғашқы жылында Алматының түнгі аспанына үш мыңнан астам адам қағаз шамдарды ұшырған болатын. Бұл шара Қазақстандағы ең ірі флешмобтардың біріне айналды.

Биылғы жылы да ғашықтар күнін тойлау үрдісі өз жалғасын тапты. Алматыда Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнін мерекелеу сәтінде мыңнан астам ағаш отырғызылды. Іс-шараға аудан әкімдіктері ат салысты. Көшеттермен Экология және қоршаған орта басқармасы қамтамасыз етті. Қылқан жапырақты көшеттер, сондай-ақ шаған, сәнағаш, қарағаш, үйеңкі, қараған, қайың, алма және терек отырғызылды.

Жоғарыда атап өткеніміздей ғашықтар күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға Алматы қаласының барлық аудандары қатысты.

Алатау ауданында 30 ағаш, Алмалы ауданында – 15, Әуезов ауданында – 200, Бостандық ауданында – 100, Жетісу ауданында – 340, Медеу ауданында м 45, Наурызбай ауданында – 200 және Түрксіб ауданында – 160 ағаш отырғызылды. Бұл бастама жыл сайын жалғасын таппақ.

Мереке күніне орай ұйымдастырылған шара – экологияны қолдауға бағытталған. Ағаш отырғызу арқылы олар сүйіспеншілік пен қамқорлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді.

Сонымен қатар, айтулы датаның құрметіне Жетісу ауданының Құлагер шағын ауданындағы «Гүлдер» саябағында «Жас жұбайлар аллеясы» салтанатты түрде ашылды.

Қазіргі таңда Алматы қаласында «Алматы-біздің ортақ үйіміз» атты ауқымды науқан жүріп жатыр. Іс-шара сол науқан аясында және ғашықтар күнінен орай ұйымдастырылды. 

Көктемнің жайма шуақ күнінде тойланатын мерекеде қос ғашық болып үлкен өмірге қадам басқан жас жұбайлар саябақта некелерін тіркеді. Әуезді әуен – Мендельсонның маршы жастардың қадамын жандандыра түсті. Ары қарай қазақстандық эстарданың жарық жұлдыздары орындаған тамаша әндер мерекелік көңіл күйді көтеріп, ерекше сезім сыйлады.

Ерекше атап өтетін жайт, «Гүлдер» саябағында жас жұбайлар мен еріктілер 30-ға жуық жапырақты қарағаш көшеттерін отырғызды. Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері қолғап, күрек және көшет дайындап, бірлескен іске білек сыбана кірісті.

Естеріңізге сала кетейік, 2024жылдың 8 сәуірі мен 8 мамыры аралығында қалада «Алматы – ортақ үйіміз» акциясы жарияланды.