Алматыда ҚазҰУ-дың тағы бір студенті қайтыс болды: күдікті ұсталды
Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды.
Астана, NEGE. Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу орны марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатыр.
Сонымен қатар ЖОО өкілдері қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын, ал оқу орны тергеудің объективті жүргізілуіне жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеді.
Сонымен қатар университет басшылығы ресми расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабалады.
«Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, 6 қараша күні кешке ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған болатын. БАҚ мәліметінше, бойжеткен Алматыға Шымкенттен келген. Алматы қаласының полициясы қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.