18 Қазан 15:15

Алматыда Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х СЪЕЗІ өз жұмысын бастады

Абай Құсайынов
Фото: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы

Алматыда «Педиатрия және балалар хирургиясының жетістіктері мен даму болашағы» атты Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х съезі өз жұмысын бастады.  

Алматы,  NEGE. Екі күнге жалғасатын съезд жұмысына Италия, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь және т.б. алыс және жақын шетелдерден педиатрия және балалар хирургиясы саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сонымен қатар еліміздің әр өңірінен (онлайн және оффлайн) 900-ден астам педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысуда. 

Мерейтойлық алқалы басқосудың ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілі, клиникалық блок бойынша проректоры Светлана Сұлтанғазиеваның және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайыновтың алғы құттықтау сөзімен ашылды.

балалар ауруы
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы

   «Бүгін Қазақстан балалар дәрігерлерінің алғашқы съезінің өткеніне – 50 жыл. 1974 жылы алғашқы балалар дәрігерлерінің бірінші съезі өтті. Бүгінгі таңда осы аталған сәттен естелік ретінде тек қана фотосурет сақталған, бірақ съездің рухы, оның қағидаттары мен міндеттері өзгеріссіз қалды. 

Бүгін бұл залға жиналған барлық дәрігерлерді бір мақсат біріктіреді – ол еліміздің ең кішкентай азаматтарының денсаулығын сақтау мен жақсарту, өйткені еліміздің болашағы біздің балаларымыздың денсаулығына байланысты.

Бүгінгі мерейтойлық шара 400-ден астам балалар дәрігерлерінің басын қосты, тағы 500-ден астам дәрігер бізді бүгін онлайн тыңдап отыр. Залда өз жұмысының нәтижелерімен бөлісуге дайын шетелдік әріптестерімізді де көру ерекше қуантады. Педиатриялық қызметтің болашағы тұрғысынан аға буын әріптестерінен білім алып, тәжірибе жинайтын және өз тәжірибелерін жетілдіретін көптеген жас мамандар жігерлендіреді.

Съезд қорытындысы бойынша қабылданған қарар еліміздің педиатриялық қызметін одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін!», – деп атап өтті алғы сөзінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов.