Алматыда ескі көлік тізгіндегендер қалаға кіру үшін ақы төлейді

Медеу ауданының тұрғындарымен кездескен Алматы әкімі Ерболат Досаев алдағы уақытта шаһардағы шығарындыcы жоғары ескі көліктердің қозғалысын шектеу жоспарланып отырғанын айтты.
Алматы, NEGE. Бүгінде алып шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту үшін 2025-2027 жылдарға арналған бағдарлама әзірленген. Жоспар бойынша алғашқы шектеулер келесі жылдың соңына қарай енгізіле бастайды.
«Бәрі маған Нью-Йорк туралы көп айтады. «Төлем енгізілгеннен кейін Манхэттеннің жоғарғы және төменгі бөлігіндегі көлік қозғалысы төмендеді» дейді. Нью-Йорк мұндай төлем енгізу үшін көп жыл дайындалған. Егер көлік қаңқасының негізі 2026 жылдың соңында дайын болса, 2027 жылы алғашқы шектеулерді енгіземіз деп отырмыз. Бірақ олар төлем арқылы жасалады. Көлік Алматыда тіркелген, бірақ заманауи стандарттарға сәйкес жұмыс істемейді делік. Сәйкесінше, белгілі бір аймақтарға, мысалы, шығыс жақтан Шығыс айналма жолға кіру ақылы болуы мүмкін. Электромобильдер мен жаңа көліктерден ақы алынбайды», – деді Ерболат Досаев.