Алматыда ер адамға бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату үшін күш қолданған полицейлер сотталды

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаптау амалдарын қолданған екі полиция қызметкеріне қатысты айыптау үкімін шығарды.
Алматы, NEGE. Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокуроры тергеп-тексерді.
«2023 жылы 29 наурызда кінәлі полиция қызметкерлерінің туысының пәтерінде, жеткізілген азаматқа қатысты оған бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату мақсатында азаптау амалдары қолданылғаны дәлелденді. Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыларға 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сотталғандар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратураның ұсынуы бойынша қарамағындағылардың қызметіне бақылаудың жоқтығы және қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 10 полиция қызметкері, оның ішінде 5 құрылымдық бөлімше басшысы тәртіптік жауапқа тартылды.