5 Ақпан 10:28
...

Алматыда екі айдан аса іздестірілген қыздың Кеңсай зиратының маңынан денесі табылды

Айша Хамит
Фото: КТК

26 жастағы Айша Хамиттің қазасы бүкіл Қырбалтабай ауылы тұрғындарының қабырғасын қайыстырды. Көпшілік таң атысымен марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жиналды, деп хабарлайды КТК.

Алматы, NEGE. Айша Хамит былтыр қарашада үйінен «туған күн кешіне барамын» деп шығып, сол күйі оралмаған. Алайда оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырыпты.

«19 жастағы бала екен. Есімі Нұрмахан деген қанішер. Кредит алдыртқан ол, кредиттің сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. «Қайтармаймын» дегеннен кейін Айша «ата-анама айтамын, полицияға арызданамын» деген. Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген», - деді марқұмның әпкесі Әсия Хамит.

Туыстарының айтуынша, күдікті жігіт марқұмды алдымен пәтерде буындырып өлтірген. Кейін денесін полиэтиленге орап, сөмкеге салған. Сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті.

Айша Хамит күдіктімен жазда танысып, содан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген. Онымен TikTok желісінде емші іздеп отырып танысыпты. Марқұм қыз сырқат әпкесін «Осы кісіге көрсетемін» деп, оның көмекшісімен, яғни күдіктімен танысқан.

«Ауру әпкесін емдеймін деп, TikTok-тан алаяққа кезігіп қалады. Сонымен барған кезде, жаңағы балдызы екен, көмекшісі боп жүрген, сөйтіп танысып қалады. Кеше біз сүйекті алып шыққан кезде, төрт жігіт әрең көтердік. Ең кемі, қыздың салмағы 60 келі. Ал анау, 19 жастағы жігіт ол 60 келі денені жалғыз өзі көтеріп жүре алмайды», - деді марқұмның нағашысы Табиғат Әлібек.

26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы болған. Аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті.

«Бұрын-соңды ештеңеге тіркелмеген. Ешқандай жаман жүрісі жоқ. Орамалда, аузында иманы бар, бетінде ұяты бар мықты қыз. Бұл кісілер кішкене мал ұстайды. Малға қарайды. Тіпті сыртқа қонып қалатын әдеті жоқ», - деді марқұмның жеңгесі Мүлік Фатигүлқызы.

Қазір полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген. Күдікті қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты.

«Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр», - Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.