Алматыда бокс жаттықтырушысы жұмбақ жағдайда қаза тапты
NEGE редакциясына құқық қорғау органдарының әрекетсіздігінен 26 жастағы бауырымыздан, баламыздан айырылдық деген жанайқайын жеткізіп, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны хабарласты.
Оқиға биыл 2 қарашада болған. 1999 жылы туған Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауылының тумасы Қуаныш Жандос бокс жаттықтырушысы болып жұмыс істеген. Ол 1 қарашада өзінің шәкіртімен бірге жарысқа қатысу үшін Алматы қаласына келеді.

2 қарашада ол Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойында орналасқан мейрамханада тамақтануға кірген. Бейнебақылау жазбаларынан оның сап-сау, жүрісі нық, телефонмен сөйлесіп, үстелге жайғасып, тамаққа тапсырыс бергені анық көрінеді. Яғни, ол ешқандай мас күйде болмаған дейді туыстары.
Алайда тамақтанғаннан кейін кенеттен жағдайы нашарлап, жүрегі айнып, есінен танып құлаған. Осы сәтте мейрамхана қызметкерлері жедел жәрдем шақыруы тиіс еді. Бірақ олар дәрігерлерді емес, полиция қызметкерлерін шақырған.
«Полиция қызметкерлері ұлымның жағдайын медициналық тұрғыдан бағаламаған. Жедел жәрдем шақырып, оны ауруханаға жеткізбеген. Керісінше, өте ауыр хәлде жатқан Жандосты Мақатаев көшесінде орналасқан наркологиялық орталыққа алып кеткен. Бұл баламның жағдайын «мас адам» деп қабылдағандарын білдіреді», – дейді Жандос Жанасылұлының анасы Жанаргүл Махмутқызы.
Анасының айтуынша, Жандос сол сәтте полицияға өзін таныстырып, аты-жөнін айтып үлгерген.
«3 қараша күні таңертең мен ұлыма хабарласа алмадым. Кейін күйеуім қоңырау шалғанда, телефонды өзін «учаскелік полицеймін» деп таныстырған адам көтерді. Ол «бәрі жақсы, тек телефоны табылды» деп айтты. Біршама уақыттан кейін ғана ұлымның «похмельникте» екенін хабарлады», – дейді анасы.
Анасы интернеттен наркологиялық орталықтың нөмірін өзі тауып, зорға хабарласқан.
«Хабарласқанымда олар ұлымның «ұйықтап жатқанын» айтты. Мен оятуды сұрағанда, «оянбай жатыр» деді. Мен Жандостың ішпейтінін, темекі шекпейтінін, есірткі қолданбайтынын, оның жаттықтырушы екенін түсіндірдім, бірақ ешкім оған мән бермеді», – дейді ашынған ана.
Олар орталықтан Жандосты туыстары келіп, алып кете алатынын жеткізген. Наркологиялық орталықтың марқұмға сараптама жасаған-жасамағаны белгісіз. Өйткені олар туыстарының қолына ешқандай анықтама бермеген. Туыстарының айтуынша, егер Жандостың қанында алкоголь болса, ота жасалмайтын еді. Бірақ оның қаны таза деп, ота жасаған.
«Шамамен сағат 11:00-де туысымыз барды. Сол кезде Жандос ес-түссіз, ешқандай реакциясыз жатқан. Оны дереу жеке клиникаға апарған, бірақ жағдайының ауыр болуына байланысты қабылдамаған. Кейін облыстық ауруханаға жеткізілді», – дейді Жанаргүл Махмутқызы.
Ауруханада Жандосқа тексеру жүргізіліп, МРТ жасалып, миына қан құйылғаны анықталған. Сөйтіп, оны жансақтау бөліміне ауыстырған.
«Сол күні кешке, шамамен 23:00-де ауруханадан бізге қоңырау шалып, шұғыл ота жасауға рұқсат сұрады. Біз келісім бердік. Күйеуім дереу Алматыға ұшып кетті. Ота жасалды, бірақ ұлым комаға түсті. Сегіз күн бойы есін жимады. Кейін қайтыс болды», – дейді анасы.
Марқұмның туыстары бұл жағдайға өз міндетіне салғырт қараған құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі алып келді деп ойлайды.
«Менің ұлымның өмірін құтқарып қалуға болатын еді. Егер мейрамхана қызметкерлері жедел жәрдем шақырса, егер полиция оның жағдайын дұрыс бағаласа, егер ол уақытында ауруханаға жеткізілсе бәрі басқаша болар еді. Мен тергеуге қажет барлық мәліметті: оны алып кеткен полицейлердің кім екенін, қызметтік көліктің нөмірін, учаскесін, барлық медициналық құжаттарды, оқиға куәгерлерін, бейнежазбаларды беруге дайынмын», – дейді анасы.
Қазіргі таңда аталмыш жағдайға қатысты іс қозғалмаған. Жандос Жанасылұлының туыстары прокуратураға ресми өтініш жолдаған, бірақ жауап алмапты. Айтуларынша, іс алға жылжымай отыр.
«Біз алыста, Шыңғырлау ауылында тұрамыз, Алматыдағы тергеуді күн сайын бақылауға мүмкіндігіміз жоқ. Бұл істі жауып тастай ма деген қорқыныш та бар. Сіздерден көмек сұраймын. Мен ұлымды қайтара алмаймын, бірақ оның өліміне себеп болғандардың жауапкершіліктен қашпауын талап етуге міндеттімін. Бұл менің ана ретіндегі соңғы парызым»,– дейді марқұмның анасы.
Жанаргүл Махмутқызы ұлының бокс жаттықтырушысы болғанын, балаларды тәрбиелеп, спортқа баулығанын, ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін, зиянды әдеттері жоқ жан екенін айтып, еске алды.
NEGE тілшісі аталмыш оқиғаға қатысты Алматы полиция басқармасының баспасөз қызметіне хабарласты. Алайда жауап ала алған жоқ. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады. Nege.kz құзырлы органға ресми сауал жолдайды.