15 Маусым 12:49
...

Алматыда биыл 158 келі есірткі тәркіленіп, 5 зертхана жойылды

есірткі зертханасы
Фото: ғаламтордан

Алматыда есірткіге қарсы іс-шаралар аясында 158 кг есірткі тәркіленіп, 5 есірткі зертханасы жойылған.

Алматы, NEGE. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2024 жылдың 5 айында Алматы аумағында полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 264 құқық бұзушылықты анықтаған.

Есірткі сатудың 116 фактісінің жолы кесілді.

158 килограмнан астам есірткі заты тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді.

«Бүгінгі таңда жаһандық проблеманың бірі — синтетикалық препараттар мен оларды өндіруге арналған зертханалар болып отыр. Алматы полициясы жүргізген жедел және арнайы іс-шаралардың нәтижесінде 5 есірткі лабораториясы жойылды», — деді Дәурен Көбеев.

Брифинг барысында жыл басынан бері Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 41 есірткі қойып кетушіні ұстағаны айтылды.

Сондай-ақ есірткі тарататын және жарнамалайтын 337 интернет-ресурс анықталып, бұғатталған.

Дәурен Көбеев «Наркостоп» қозғалысының еріктілерімен бірлесіп, есірткі туралы ақпаратты қамтитын 3 мың 651 граффити жойылғанын айтты.

Сондай-ақ ол Алматы полициясы нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күні аясында есірткіге қарсы айлық басталғанын атап өтті.