Алматыда бес адамның өмірін жалмаған өрт: қала әкімдігі мәлімдеме жасады
Алматы әкімдігі Бостандық ауданындағы жеке тұрын үйден шыққан өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына және баспанасынан айырылған тұрғындарға көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт салдарынан баспанасы бүлінген тоғыз адам қонақүйге орналастырылған. Оларға заңгерлік көмек те көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем беріледі.
Сонымен қатар аудан әкімдігі қаза тапқандарды жерлеу рәсімін дін өкілдерімен бірлесіп ұйымдастыратыны мәлім болды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, шұғыл шешілуі тиіс мәселелерді бақылауда ұстап отыр.
«Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Отбасылары үшін ауыр кезеңде оларға қажетті көмектің барлығы көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда», – делінген әкімдік хабарламасында.
Көмек алу және басқа да мәселелер бойынша тұрғындар Алматы әкімдігінің бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласа алады. Орталық тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, өрттің шығу себебі мен мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Барлық тиісті қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Еске салсақ, 26 қараша таңға жуық Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, бес адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында бір бала бар екені хабарланды.