Алматыда автобустың дөңгелегі шұңқырға түсіп кетіп, жолды жауып тастады
Алматыда жолаушылар автобусының артқы дөңгелегі Төле би көшесі мен Брусиловский көшесінің қиылысындағы уақытша көмілген траншеяға түсіп кеткен.
Астана, NEGE. Оқыс жайт қазіргі таңда жеңіл рельсті көлік – LRT желісінің құрылысына байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқан аумақта болған. Құрылыс кезінде бұл жерде жолдың жүру бөлігі жиі тарылып, тұрақты кептелістер мен шаң-тозаң көбейген. Автобуспен қатар жеңіл автокөлік те бос топыраққа батып, онсыз да көлік қозғалысы қиын жолды толық бөгеп тастаған.
«Алматыэлектротранс» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, жол қызметтері асфальтты қазып, орды уақытша қиыршық таспен толтырған. Автобус шығыс бағытында қозғалып келе жатқанда, оның артқы дөңгелектері осы учаскеге түсіп кеткен. Көп тонналық көліктің салмағынан қиыршық тас шөгіп, дөңгелектер орға батып қалған. Соның салдарынан автобус өздігінен шыға алмай қалған.
«Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, автобустың шанағында көзге көрінетін зақым жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші тарапынан ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген, сондықтан полиция қызметкерлері оқиға бойынша әкімшілік материалдар рәсімдемеген», – деп нақтылады компания өкілдері.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында автобус қосымша техникалық тексеруге жіберілген. Мамандар көлік құралының астыңғы бөлігін арнайы тексеру шұңқырында қарап, көзге бірден байқалмайтын ықтимал зақымдардың бар-жоғын анықтайды.
Қазір оқып жатыр
Атырау облысында хирург МӘМС аясында тегін жүргізілетін отаға ақы алып келген
ҰБТ-да смартфон мен шпаргалка алып өтпек болған 522 талапкер тесттен шеттетілген
Тоқаев Үкіметке әлеуметтік нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны іске асыруды тапсырды
Қостанай облысында «Светофор» балалар лагерін ұйымдастырушы әкімшілік жазаға тартылды