USD
USD
USD

Алматыда автобустар саны азайды: тұрғындар әкімдікке шағымдануда

2 қараша күні Алматыдағы жекеменшік автобус парктері жоспарланған автобустардың шамамен 70 пайызын ғана желіге шығарған. Тұрғындар мен тасымалдаушылар әкімдікке наразылық білдірді.

Қоғамдық көлік
Фото: Жолаушылар тасымалдаушылары кәсіпорындарының қауымдастығы

Астана, NEGE. Әлеуметтік желілерде алматылық тұрғындар автобусты күту уақыты ұзарып, қоғамдық көліктердің лық тола бастағанына шағымданып жатыр. 

Жолаушылардың бірі тасымалдаушылардың ескерту хатын жариялап, #ЯОплатилаПроезд және #МенТөледім хэштегімен флешмоб бастаған. Қолданушылар ONAY, Kaspi және Halyk арқылы төлеген жолақысының түбіртектерін жариялап, аялдамада қанша уақыт автобус күткенін жазып жатыр.

Ал басқа қолданушылар мәселенің автобустар санында емес, жолақысын төлемейтін жолаушыларда екенін алға тартты. Кейбірі қоғамдық көлікке алдыңғы есіктен ғана кіру тәртібін енгізуді, енді бірі кондукторларды қайтаруды ұсынды.

Тасымалдаушылар әкімдікке ескерту жіберген

Жолаушылар тасымалдаушылар кәсіпорындары қауымдастығы 21 қазанда қала әкімі Дархан Сатыбалдыға ескерту хат жолдаған. Құжатқа 23 жекеменшік автобус паркінің өкілдері қол қойған. Олардың қатарында қалалық «Алматыэлектротранс» компаниясы жоқ.

Тасымалдаушылар хатта субсидияның жүйелі түрде кешігіп төленетінін, салдарынан жанармай мен қосалқы бөлшектер жеткізушілері алдындағы қарыздың көбейгенін мәлімдеді. 

«Субсидия бойынша берешек өтелмеген жағдайда, 2026 жылғы 2 қарашадан бастап тасымалдаушылар қалаішілік және қала маңындағы бағыттарға шығарылатын автобустар санын жоспарланған көрсеткіштен 30 пайызға дейін қысқартуға мәжбүр болатынын ресми түрде хабарлаймыз», – делінген хатта.

Қауымдастық төрағасы Ерлан Әділовтің айтуынша, әкімдіктің жекеменшік автобус парктері алдындағы берешегі шамамен 15 млрд теңгеге жеткен. Ал жыл басынан бері тасымалдаушыларға тиесілі субсидияның шамамен 70 пайызы ғана аударылды.

Ал «Мадина» ЖШС директоры Бекежан Тыныштықбайдың айтуынша, шілде мен тамызда субсидияның 70 пайызы, қыркүйекте 60 пайызы төленді. Ал қазан айында бұл көрсеткішті 32 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Әкімдік не дейді?

Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев автобустардың қозғалыс кестесі шынымен түзетілгенін растады. Алайда, оның айтуынша, өзгеріс жолаушылар ағыны азаятын күндізгі уақытта ғана енгізілген. Қарбалас сағаттарда автобустар саны қысқартылмаған. Керісінше, жүктемесі көп бағыттарға қосымша резервтік автобустар жіберіледі.

«Қазір күн сайын желіге 3 200-ден астам автобус шығады. Автобустардың кешігуінің негізгі себептерінің бірі – кептеліс. Көлік қозғалысы қиындаған кезде автобустар кестеден қалып, жолаушылар аялдамада ұзақ күтуге мәжбүр болады. Кейін бірнеше автобус бір уақытта келуі мүмкін», – деп түсіндірді ол БАҚ өкілдеріне.

Басқарма басшысы автобустардың қозғалысын жоспарлауға жолақысын төлемейтін жолаушылар да әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, қарбалас уақытта жолаушылардың 40 пайыздан астамы жолақысын төлемейді. Сондықтан төлем статистикасы қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдардың нақты санын көрсетпейді.

Сондай-ақ басқарма жолақысын төлемейтін жолаушыларға бақылауды күшейтіп, полициямен бірлесіп тексеру жүргізетінін және айыппұл салатынын хабарлады.

Сонымен бірге автобус қозғалысының қысқаруы тарифтік комиссияның тамызда бекіткен есептерінде де қарастырылған. Құжатқа сәйкес, автобустардың желіге шығу саны жұмыс күндері 20 пайызға, сенбіде 10 пайызға, жексенбіде 25 пайызға, мереке күндері 35 пайызға азайтылған. Бұл есеп 2028 жылдың соңына дейін қолданылады. Субсидия көлемі де осы жоспарға байланысты есептелмек.

Қазір оқып жатыр

«Қазпоштаны» табысқа шығарған Әсел Жанасова көлік министрі болып тағайындалды

Әсел Жанасова

Нұрлан Сауранбаев көлік министрі қызметінен босатылды

Нұрлан Сауранбаев

Ақтөбеде Неке сарайында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды: күдікті ұсталды

Пышақ жарақаты

АИТВ-ның алдын алуға арналған препарат 120 елде жылдық курсы небәрі 40 долларға қолжетімді болады

Дәрігер мен науқас