Алматыда автобус жүргізушісін ұрып, жол апатына себепкер болған жолаушының соты басталды
Алматыда үш адамның өмірі қиылған автобус апатына қатысты сот басталды, деп хабарлады КТК.
Алматы, NEGE. Сұмдық жағдай былтыр желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған еді. Қоғамдық көлікті тізгіндеген әйелді жолаушы азамат жұдырықтап, жүгенсіз автобус аялдамада тұрған үш адамды басып өткен.
Жүргізушіні соққыға жыққан 33 жастағы жігіт бірден қамауға алынып, бүгін сот алдында жалғыз өзі жауап бере бастады.
Автобус жүргізушісі сотта алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. 36 жастағы алматылық тұрғынның айтуынша, адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы қызуқанды жолаушының кесірінен болған. Ер адам оған жұдырық ала жүгірген.
Араға үш айға жуық уақыт салып, автобус апаты бойынша сот басталды. Осы аралықта тергеу жүргізілген. Оның қорытындысына сәйкес, айыпталушы орындығында жалғыз адам отыр. Ол 33 жастағы Дархан Ахметжанов.
Тергеу абақтысынан сот залына жеткізілген ер адам камерадан бет-жүзін жасырып әуреге түспеді. Бұзақылық жасағанын бірден мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. 47-маршрут жүргізушісі жанжалды бастаған жолаушы дейді. Ол жолақы төлеуде қиындықтарға тап болған. Сосын рұқсат етілмеген жерден тоқтауды талап еткен. Бірақ Ермек Шөкебаева болмайды деген.
«Мен бірден айтамын: мен адамдарды қасақана басып өткен жоқпын. Өзімді кінәлі деп санамаймын. Әрине, қайғылы оқиғаға мен де себепкер болған шығармын. Бұл былай болды: бұрылыста бұл адам маған тоқта деп айтты, бірақ мен тоқтай алмадым, себебі біз екінші жолақпен көпірге шығып жатқан едік. Оған қоса тайғақ болды. Мен бірден тежей алмадым. Ол кезде жолаушы балағаттап жатты. Мен оған: «Келесіден түсесің» дедім. Егер ол қайтыс болса, мен жауапты болар едім. Көпірден өткен соң ештеңе есімде жоқ. Ол мені ұрды. Сосын мен есімді жинаған кезде аялдамада жаттым», – дейді жәбірленуші Ермек Шөкебаева.
Дегенмен жантүршігерлік апаттан қаза болған Айдос Әлменбаевтың жары жүргізушіге қатысты өз уәжін айтты. Үш баласымен жалғыз қалған ана кінәліні жауапқа тартуды сұрайды.
«Неменесіне 10-мен жүрдім дейсіз? Мен де көлік айдаймын. 10 деген жылдамдық жоқ. Ең аз дегенде, 70 пе, 80 бе, сондай жылдамдықпен барып соғып отырсыз. Аман қалдым деп отырсыз, біздің күйеуіміз ше, ата-анамыз ше, аман қалмады», – деді Айнұр Құсайынова.
Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаеваның артында шырылдап төрт баласы қалған. Екеуі кәмелетке толмаған.
«Бұл жерде қатысы бар адамдардың барлығы өз жазасын алса екен деймін. Менің артымда келе жатқан бес жасар інім бар, екі қарындасым бар. Барлығы әділ жазасын алса екен», – дейді марқұмның ұлы Ерасыл Байдуәлиев.
Сотталушы 32 жастағы Дархан құрылысшы болып жұмыс істеген. Кәмелетке толмаған үш баласы бар.
Ер адам тек «Бұзақылық» бабы бойынша кінәсін мойындап, қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрады.