Алматыда ауруханалардың қарызы үш есеге жуық өскен
Алматыда ауруханалар мен емханалардың қарызы жыл басынан бері үш есеге жуық өскен. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Астана, NEGE. Министрліктің мәліметінше, дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті қайта есептеу нәтижесінде ел бойынша 42,5 млрд теңгеден астам қаржының артық жұмсалуына жол берілмеген. Оның 15,8 млрд теңгесі Алматыға тиесілі.
Алайда қаладағы денсаулық сақтау саласында басқа да күмәнді жағдайлар анықталған. Кейбір медициналық ұйымдар Бірыңғай дистрибьютор арқылы алынуға тиіс дәрілерді өз бетінше сатып алған.
Енді бұл сатып алулардың заңдылығын Фармация комитеті Алматы прокуратурасымен бірлесіп тексереді.
Бұған қоса, министрлік науқастарға тегін берілуге тиіс дәрілердің кәдімгі дәріханаларда сатылған-сатылмағанын анықтауды тапсырды. Егер мұндай жағдайлар расталса, дәрілердің қайдан келгені, кімдер арқылы сатылғаны анықталып, кінәлілерге заң аясында шара қолданылады.
Алматыдағы ауруханалардың қарызы 17,7 млрд теңгеге жетті
Қаладағы медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайы да алаңдатып отыр. Жыл басында олардың қарызы 6,12 млрд теңге болса, 1 қыркүйекте 17,66 млрд теңгеге жеткен. Яғни тоғыз айға жетпейтін уақытта берешек шамамен 2,9 есе өскен.
Бұл ретте Алматының денсаулық сақтау саласына 2026 жылы бөлінген қаржы 393,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған.
Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдардың басшыларынан қаржының қалай жұмсалып жатқанын қатаң бақылауды талап етті. Сондай-ақ тегін дәрілердің кешіктіріліп берілуіне қатысты әрбір шағымның себебі анықталып, науқастар қажетті еммен қамтамасыз етілуі тиіс екенін ескертті.
Министрлік енді дәрі сатып алу тәртібін, тегін препараттардың қайда жұмсалғанын және медициналық ұйымдардың қарызы неге көбейгенін тексермек.