Алматыда 3 жаңа жатақхана ашылды
Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында 980 орындық 3 заманауи жатақхана ашылды.
Алматы, NEGE. 2024 жылы 24 тамызда жаңа оқу жылының қарсаңында жеке инвестиция есебінен 980 орындық 3 жатақхана салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, қоғам белсенділері мен қала жастары қатысты.
Жатақханалар барлық талапқа толықтай сай. Мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Корпуста студенттерге арналған коворкинг аймағы, асхана және конференц залы қарастырылған.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жатақхана мәселесі тікелей бақылауында екенін айтып, Алматыға оқуға келген студенттердің жоғары білім алумен қатар, жайлы жатақханада тұруларын қамтамасыз ету керектігін айтқан болатын.
Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау сөзін оқыды:
«Студенттер үйі – бұл Алматы картасындағы жай ғана жаңа нысан емес. Осындай жағдайда тұратын әрбір студент өзін үйіндегідей сезініп, жаңа ортаға оңай бейімделіп, сапалы білім алып, қаланың дамуына үлес қоса алады. Айта кетерлігі, бұл жатақханалар жеке қаражат есебінен салынды, бұл өз әлеуеті өзіне жететін мегаполис үшін жақсы тәжірибе», – деді мегаполис басшысы құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, Азамат Қалдыбеков Алматы әкімдігі қазақстандық және шетелдік студенттердің жайлы жағдайда өмір сүруі үшін студенттік жатақханалар құрылысын жалғастыруды көздеп отырғанын айтты. 2024 жылы 5025 орындық 10 нысанды, ал 2025-2026 жылдары 34 мыңнан астам орындық жатақханаларды пайдалануға беру жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру үшін студенттік жатақханалар салу жөніндегі жобалық кеңсе жұмыс істеп тұр. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті – Алматы қаласының аумағында жатақханалар салу және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Жобалық кеңсе ашылғалы бері 120 әлеуетті инвестор жүгінді, оның 67-і қазір жұмысқа кіріскен, бұл қолдау көрсету тетігінің тартымдылығын көрсетеді.
Айта кету керек, Алматы экономикасы тұрақты өсу үстінде. Жарты жылда 715 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алматының ЖӨӨ 2024 жылы 4,7% - ға өсті. Алматыда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,8% - ға ұлғайды. Жыл басынан бері Almaty Business Development Company қаланың бизнесін дамыту бойынша 14 мыңнан астам консультация өткізді, 208 рұқсат құжаттарын алуға көмек көрсетілді, 112 бизнес-жоспар әзірленді, 1,5 млрд теңгеге 37 жобаны қаржыландыруға ықпал етілді. «Almaty Business Development Company» Алматы қаласының бизнесті дамыту компаниясы» ЖШС Алматы қаласында инвестициялар тарту және инвесторларға ықпал ету саласындағы өңірлік ұйым