Алматыда 22 қазанда кезекте тұрғандардан 5 пайыздық ипотекаға өтінім қабылдау басталады
Өтінімдер 2026 жылғы 22 қазан мен 2 қараша аралығында Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қабылданады. Қатысушыларды іріктеу 3 қарашада өтеді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Отбасы банк хабарлады.
Пәтерлер Наурызбай ауданындағы «Қалқаман-2» тұрғын үй кешенінен беріледі. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 359 мың теңге деп белгіленген. Тұрғын үйлер таза әрлеуде ұсынылады. Жалпы 594 пәтер берілмек.
Банк мәліметінше, бағдарламаға тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және «Отбасы банкте» депозиті бар азаматтар қатыса алады. Өтініш берушінің жинақ шотында заем сомасының кемінде 10 пайызы болуы керек.
Бұл ретте тұрғын үйдің 70 пайызы басым құқыққа ие санаттарға бөлінеді. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жесірлер, көпбалалы отбасылар мен жетім балалар бар.
Сонымен қатар тұрғын үйдің жалпы санының 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді. Егер бұл санаттағы азаматтар тұрғын үймен толық қамтамасыз етілсе немесе есепте тұрмаса, олардың үлесі басым құқыққа ие қалған санаттар арасында қайта бөлінеді.
Қалған пәтерлер жоғарыда аталған санаттарға кірмейтін, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға беріледі.
Қатысушыларды іріктеу тұрғын үй кезегіне қойылған күн бойынша жүргізіледі. Кезекке қойылған күні бірдей болса, өтінімнің берілген күні мен уақыты ескеріледі.