Алматы жылыту маусымына 94 пайыз дайын

Алматы қаласының басшылығы жылу маусымына дайындығын тағы пысықтады. Қала халқын жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар сақадай-сай ма? Қыркүйектегі жағдай бойынша энергокешен жылу беру маусымына 94 пайыз дайын.
Алматы, NEGE. Алматы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин атап өткендей, жылу желілерінің дайындығы – 97 пайызды, электр желілерінің дайындығы – 83 пайызды, газ желілерінің дайындығы – 100 пайызды, сумен жабдықтау желілерінің дайындығы – 100 пайыз, су бұру желілерінің дайындығы – 100 пайызды, Алматыжылужайэнерго қазандықтарының дайындығы – 85 пайызды, АлЭС энергия көздерінің дайындығы – 74 пайызды құрайды. Ал жылыту маусымына білім беру, денсаулық сақтау және көп қабатты тұрғын үйлер 100 пайыз дайын көрінеді.
Айта кету керек, Алматыда «АЖЖЭ» кәсіпорнымен 110 тонна көмір және 7,9 мың тонна мазут дайындалды. «АлЭС» АҚ кәсіпорнымен 186,5 мың тонна көмір және 19,3 мың тонна мазут сақталған. Қала тұрғындарын үздіксіз ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етуге тоқталатын болсақ, Бостандық (Оңтүстік қазандығы (80 пайыз) және Наурызбай («Премьера» қазандығы (60 пайыз) аудандарындағы 2 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл 300 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз ететін нысан 2023 жылы аяқталады. Сонымен қатар, бүгінде қазандықтар мен жылу желілерін қайта жаңартудың бес жобасы әзірленуде. Жетісу және Түрксіб аудандары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтау жұмысы 2022-2023 жылдары көзделіп отыр. Сондай-ақ осы жылдың 8 айында12 шақырым жылу желісі қайта жаңартылып, 6 шақырым желі оқшауланды.