Алматы соты Қаңтар оқиғалары кезінде әкімдікке шабуылдады деген айыппен қаза тапқан бес азаматты соттады
Бостандық ауданының №2 сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысып, шабуыл жасау фактісі бойынша бес адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Алматы, NEGE. Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысып, президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасау барысында полицейлер оғынан қазақ тапқан бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар кінәлі деп танылып, полицейлер ақталды.
Сот К, А, К, В және Т есімді азаматтардың 2022 жылы 4-5 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздікке қатысып, ғимараттар мен құрылыстарға шабуыл жасағанын анықтады.
Сондай-ақ бес сотталушы да тәртіпсіздікке қатысу кезінде қаза тапқан.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, 269-баптың 2-бөлігі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін соттап, мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.
«Сотталушылардың кінәсі алынған бейнежазбалармен, куәләрдің және туыстарының тану туралы хаттамасымен, жүргізілген сот-медициналық сараптама және ұялы телефон мәліметтерімен, жәбірленушілердің Алматы қаласы әкімдігіне және Президент резиденциясына шабуыл жасаған және қару қолданғаны туралы жауаптармен расталды»,- деп хабарлады қалалық соттан.
Ведомство мәліметінше, аталған қылмыстық істің қарастырылуының себебі - сотталушылардың заңды өкілдері қылмыстық істі ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағы бойынша қысқартуға қарсы болған.
«Сотталушылар кінәлі деп танылып, Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағы негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», - деп атап өтті сот өкілдері.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.