Алматы облысының үш тұрғыны есірткі жинау кезінде ұсталды
Жамбыл облысында Алматы облысының үш тұрғыны есірткі жинау кезінде ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. 20 желтоқсанда Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу – Меркі тас жолынан 25 шақырым қашықтықтағы құмды аймақтан марихуана есірткісін жинаған Алматы облысының үш тұрғынын ұстады.
Күдіктілерді жеке тінту және олар мінген Volkswagen автокөлігін тексеру барысында 5 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, онда жалпы салмағы 3 келі 900 грамм кептірілген марихуана есірткі заты болған.
Ұсталғандар кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
– Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады. Жамбыл облысында 2022 жылдың 11 айында 594 есірткі құқық бұзушылық дерегі анықталды, оның ішінде – 219 қылмыс, 375 теріс қылық дерегі.
Сондай-ақ заңсыз айналымнан 2 тонна 752 келі есірткі заты тәркіленді.