Алматы облысының әкімі Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге қатысты жауап берді

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Президент 16 наурыз күні Қазақстан халқына Жолдауында Алматы облысы екіге бөлінетінін, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болатынын мәлімдеді. Қапшағай қаласының атауы Қонаев деп өзгертілді. Ал бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласы ойын бизнесін жүргізіп отырған казинолардың жұмыс істеуіне рұқсат етілген аймақтардың бірі.
Алматы облысы прокуратурасының дерегіне қарағанда, өткен жылы респулика бойынша 305 мемлекеттік қызметкер Қонаев қаласындағы казиноларға 507 млн теңге ұтқызған. Олардың 36-сы – жергілікті атқарушы органнан, яғни Алматы облысынан екені анықталды.
Казинолар облыстың бюджетіне қыруар салық төлеп отырғаны белгілі, дегенмен алдағы уақытта казиноларды басқа жаққа көшіру Алматы облысы әкімінің жоспарында бар ма? NEGE тілшісі осы сұрақтың жауабын Марат Сұлтанғазиевтің өзінен сұрап көрді.
«Ойын бизнесі туралы заңға сәйкес, ойын субъектілері біздің Қонаев қаласында және Ақмола облысындағы Щучинск қаласында орналасқан. Казинолар бүгінгі күні жұмыс істеп тұр. Олардың орнын өзгерту жоспарда жоқ. Ойынқұмарлық деп жатырсыз, ол тек Қазақстанда ғана емес әлемде бар. Оған дүниежүзінің әр жерінде телефонмен отырып та құмартуы мүмкін. Өйткені көбісі онлайн ойын ойнайды. Біз жұмыс істеп отырған казиноларға талап қойып жатырмыз. Оларды тек казино ретінде ғана емес, ойын-сауық орыны ретінде аббаттандыруды ойластырамыз. Бұл шетелде де солай белгіленген. Казино бір бөлек жұмыс істей береді, жанына кинотеатр, аквопарк және басқа да сауда орталықтарын жасауға болады. Сол себепті олардың орнын ауыстыру жоспарымызда жоқ. Жалпы ойын-сауық саласында 3,5 мың адам еңбектеніп жатыр және төңірегінде жүрген тағы 3 мың адам жұмыс істеуде. Сол 7 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Облыста 61 мың халық тұрады десек, оның 10/1 аталған салада жүр. Жыл сайын төлеп отырған салықтары 80-95 млрд теңге аралығында. Бұл жергілікті бюджетке үлкен қаражат», - деді Алматы облысының әкімі.
Облыста шешімін таппай келе жатқан мәселелер жоқ емес. Алматы облысындағы Ұйғыр ауданынының атауын өзгертудің жайы көптен бері сөз болып келе жатыр. Қоғам белсенділері мен аудан ақсақалдары Ақордаға дейін хат жолдаған, бірақ түйткіл шешілген жоқ. Көпшіліктің айтуынша, ауданның атауы соңғы кездері ұлтаралық кикілжіңдерге жиі себеп болып жүр.
NEGE тілшісі әкімге осы мәселеге қатысты сұрақ қойды: «Сіз облыс әкімі ретінде осы мәселені көтересіз бе? Мемлекет басшысына аудан халқының тілегін жеткізуге уәде бересіз бе?»
«Ауданның, елді мекеннің атауын өзгертудің өз тәртібі бар. Ол ономастикалық комиссия арқылы жүргізілетін жұмыс. Жоғары жақтан саяси шешімнің қажеті жоқ, ол ономастикалық комиссияның құзыретінде. Біз өз тарапымыздан этносаралық келісімді нығайту үшін бүгінгі күнде ең бастысы Ұйғыр ауданындағы әлеуметтік, экономикалық жағдайды дұрыстауды ойлап отырмыз. Сосын мәдениет, білім жағына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Осында келгелі бері осы сұрақ көп көтерілді. Бірақ, екі ұлт арасында келіспеушілік жоқ. Бүгінгі күнде жағдай тұрақты. Ал біз өз тарапымыздан ауданның келбетін өзгертуге жұмыс істейміз. Ауданның атын өзгертудің өз тәртібі, процедуралары бар. Ол процедураларды нақты айтып өтейін. Ең алдымен, жергілікті халық өз ұсынысын береді. Содан кейін ғана комиссия арқылы жұмыс жүргізілуі керек», - деп жауап берді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі Ұйғыр ауданының атауын өзгерту жергілікті халықтың ұсыныс беруіне байланысты екенін тілге тиек етті. Алайда, жергілікті халықтың Ұйғыр ауданының атын – Қарадала, Шонжының атауын Әлмерек деп өзгерту туралы ұсыныстарын айтып жүргендеріне талай уақыт болды.