«Алматы облысында БҮЛДІРШІН қызды өгей әкесі біршама уақыттан бері ЗОРЛАП келген»

Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши ауылында сұмдық оқиға әшкереленді. Алтыншы сыныпта оқитын бүлдіршін қызды өгей әкесі біршама уақыттан бері зорлап келген.
Бұл оқиға туралы журналист Ардақ АЙБАРҰЛЫ әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Алматы облысы, Іле ауданының Ақши ауылында өте бір ыңғайсыз, жаман жағдай болды. Естіген елден ұят. Дегенмен айтпасқа болмайын деп тұр.
Өгей әкесі әйелімен еріп келген 6-сыныпта оқитын қызын зорлаған. Кім болса да, аямау керек ондай айуанды.
Фото: voxpopuli.kz
Құрметті әріптестер, Ақшиге барып, ТВ-ға түсіріп, сайттарға барынша жазуларыңызды сұраймын. Үндемей қалуға, жасырып, жабуға болмайтын жағдай бұл.
Әй, пәленшеевтер, ұяттарың болса, әулеттеріңмен, түп-тұқияныңмен қоса көшіңдер ауылдан! Үндемей қалады екен деп ойламаңдар! Тып-тыныш, ың-шыңсыз ғана қараларыңды батырыңдаршы, Ақшиден! Көргіміз келмейді сендерді! Бүкіл ауылдың атына кір келтірдіңдер!
Күрті ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаров мырза, осы аптада жұма намаздан соң жинаңыз ауылдастарды. Заңға бағынған елміз, ақсақалдарымыз айтсын айтатынын. Жынды деген қағаз жаздырып алып, жазадан құтылып кетпесін!
Ал менің айтарым – үш күн мұрсат береміз. Тез-тез жиналып, тайсын ауылдан!!!».
Алайда көп ұзамай журналист жазбасын өшіріп тастады. NEGE тілшісі журналистке хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрады.
А.Айбарұлы
– Мен Ақши ауылында өстім. Ақшиде не болып жатқанын жақсы білемін. Мұндай сұмдықты жасырып-жабуға болмайды.
– Жазбаңызды не себепті өшіріп тастадыңыз? Сізге қысым жасады ма?
– Ауыл ақсақалдары мен бұрыннан араласып жүрген сыйлы азаматтар; аға, әкпе, іні, дос, бауырлар хабарласып, үйдей өтініш жасаған соң, постты алуға тура келді. «Ұят болды» деп, не айтарларын білмей, көздерімен жер шұқып отыр бәрі.
«Аймандай болған ондай қап-қара бетпен қалай жүреді аядай ғана ауылда? Онсыз да кетеді олар. Көшеді басқа жаққа. Ардақжан, шулатпай-ақ қойшы», – деді. Аттап кете алмадым.
«Бірақ мен алғанмен не пайда?! Сайттар қағып алып кетеді ондайды», – деп ескерттім. Сондықтан ертең бір жерден жарқ ете қалса, таңқалмаңыздар. Ал мен «ондай пост жарияламадым» дей алмаймын.
Бұл оқиға туралы ресми органдар ләм-мим демеді. Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап беруден бас тартты.
Әкім Ақшиде не болып жатқанын біле ме?
Тілшіміз Ақши ауылының әкімі Төлеген ОМАРОВПЕН тілдесті. Әкім өзі басқаратын ауылда ауыр қылмыс жасалғанын мойындауға мәжбүр болды.
Фото: скрин Хабар24
– Ақши ауылында бүлдіршін қызды өгей әкесі зорлағаны рас па?
– Сіз маған ресми сұрақ жіберіңіз, біз сізге ресми жауап береміз. Қазір ешқандай ақпарат бере алмаймын.
– Құзырлы органдарға ресми сауал міндетті түрде жібереміз. Ақшиге барып, журналистік зерттеу жүргізуіміз де мүмкін...
– Жалпы бұл сұрақпен бізге емес, полицияға хабарласыңыз. Бұл іспен полиция айналысып жатыр. Іс жүріп жатыр.
– Яғни оқиғаның болғанын растайсыз ғой?
– Оқиға болды ма, жоқ па, сіз де, мен де қасында тұрғамыз жоқ қой, дұрыс па? Оны тергеу барысы анықтайды. Бұл туралы сот шешімі шыққаннан кейін ғана айта аламыз. Ол үшін ертең жауап беретін жағдай жоқ. Сотта қалай болатынын білмейміз ғой, дұрыс па?
– Хабардарсыз ғой бұл оқиғадан?
– Хабардармыз. Ауылда болған оқиғадан қалай хабардар болмаймыз?
Ауыл тұрғыны не дейді?
Тілшіміз Ақши ауылы тұрғындарының бірін сөзге тартты. Аты-жөнін атағысы келмеген ол былай деді: «Әлгі айуанның өгей қызын біраз уақыттан бері зорлап келгенін бірер күн бұрын ғана білдік.
Естуімізше, ол бүлдіршін қызды фазендаға алып кетіп, ойына келгенін істеп жүрген. Күдіктінің туған бауыры Ақшиде ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын. Малы жеткілікті. Мына сұмдық оқиғадан кейін «арызын жазып, жұмыстан кетіпті» деп естідік. Рас-өтірігін білмеймін.
Бұл сұмдық оқиғаны жылы жауып қоюға болмайды. Оған жол бермейміз. Қылмыскер жазасын алуы керек!».
Фото: ғаламтордан
Бізге жеткен ақпаратқа сенсек, Алматы облысы әкімдігіндегі жауапты адамдар мен полиция бұл қылмысты жасырып отыр. Зорлықшылдың туыстары оны «ақыл-есі кем» деп жазадан құтқарып жіберудің де әрекеттерін жасап жатқан көрінеді. Мұның анық-қанығын Алматы облысы әкімдігі мен полициядан анықтауға тырысамыз.
NEGE тілшісі зорланған қыздың шешесімен де тілдеспек болған. Алайда ол сұхбат беруден бас тартты. Оның қызын жетектеп, Алматы маңындағы ауылдардың біріне кетіп қалғаны белгілі болды...