8 Сәуір 15:03
...

Алматы облысында әйелі, үш баласы бар ер адам «бойдақ» болып шықты

Фото:
Алматы облысының тұрғыны Мади Оңалбек (кейіпкердің тілегі бойынша аты-жөні өзгертілді

– ред.) Наурыз айының басында ұйқысынан оянып, жаңа туған нәрестесіне туу туралы куәлігін алмақ болып, Есік қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Осы орталықта ол өзінің 40-тан жасы асса да, әлі бойдақ жүргенін, әйелі де, үш баласы да «жоқ» екенін біліп, аңырап қалған.

Бір қызығы, электронды үкіметтің базасында мәліметтер тіркелмесе, қолыңдағы неке туралы куәлігің де түкке жарамсыз екен.

Осылайша, күтпеген жерден үйлі-баранды адам екенін қағаз жүзінде дәлелдеудің машақаты алдынан шыққан.

Фото: ғаламтордан

«Базадан шықпады деп, туу туралы куәлікті перзентханада да бермеді. Әйеліме: «Халыққа қызмет көрсету орталығынан аласыз, енді», –  деп жөн сілтепті. Бұл жерге келсем, «базада жоқсыз» деп, мені тағы да есіктен кері қайтарды. Ол үшін неке куәлігін алған АХАЖ бөліміне барып, базаға енгізуді сұрады», ­­– дейді отағасы.

Бар гәп ­мынада: Электронды үкіметтің базасына тек қана 2008 жылдан бергі куәліктер тіркелген екен. Бұдан ерте үйленсеңіз, билік сізді бойдақ адам деп таниды. Ал орта жаста сәби сүю бақыты бұйырса, туу туралы куәлік алу, нәрестеңізді дәрігердің есебіне қою қиямет-қайым болмақ.

Халыққа қызмет көрсету орталығының нұсқауымен, Мади Оңалбек туған жері Түркістан облысына, қағаз-құжаттарын реттеуге жиналып жатыр.

Ал электронды үкімет ­ – e-gov қызметкерлері болса, ешқайда барудың қажеті жоқ екенін, барған күннің өзінде босқа сандалып, құр қол қайтатынын айтады.

«Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандар тікелей қабылдауы тиіс. Тек қана жұбайлардың жеке куәлігі, сәбидің медициналық анықтамасы және неке куәлігін алып барса, сол жеткілікті. Неке куәлігінің 2008 жылға дейінгі ескі нұсқасы қағаз түрінде қабылдануы керек. Ол кезде ЖСН бөлек берілетін еді. Ескі куәліктер e-gov жүйесіне мүлде тіркелмейді. Тіркелуге де жатпайды», – дейді e-gov қызметкерлері.

Фото: otyrar.kz

Электронды үкіметтің айтқандары рас болса, онда халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандардың өзі де бұдан бейхабар болғаны. Сондықтан жұрт нәрестесінің туу туралы куәлігін алу үшін АХАЖ, ХҚКО мен жергілікті әкімшіліктің арасында сабылып, талай табалдырықты тоздырып жүр. Бұған ХҚКО мен e-gov арасындағы өзара «түсініспеушілік» түрткі болып отыр.

Бұған дейін Қазақстанда өзінің «тірі» екенін немесе  өзінің әйел екенін дәлелдей алмай жүргендер кездескен. Ал бала-шағасы бар «бойдақтардың» қарасы тіпті де көп.  

Тегтер: