Алматы облысына АҚШ-тан аппарат НЕГЕ жетпей қалды?

Nege.kz порталы бұған дейін Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынының экс-басшысы Бауыржан Ысқақтың ИВЛ аппаратын мына тұрған Ресей, Қытай, Түркия, не Германиядан емес, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тан алдыртпақ болғаны туралы егжей-тегжейлі жазған еді.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы келісім-шарт құжатына 2020 жылдың 31 наурызында қол қойса да, 7 айдан бері ИВЛ аппараты әлі келмеген. Соның салдарынан бір Талдықорған қаласының өзінде маусым-шілде айында 211 адам қайтыс болса, оның 80 пайызы коронавирустық пневмониядан көз жұмған.
Nege.kz бұл мәселе бойынша мәлімет алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне, Алматы облысы әкімдігіне және Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдап, «Бұл келісім-шарт бойынша неше аппаратқа қанша қаржы қарастырылған? ИВЛ аппараты 7 айда неге елге жетпеген? Бауыржан Ысқақ Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы басшылығы қызметінен не үшін кетті?» деген нақты сұрақтар қойған еді.
-
Тақырыпқа орай: Алматы облысы ИВЛ аппаратын НЕГЕ АҚШ-тан алдырмақ болған?
Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы келісіп алғандай, бірдей жауап беріпті. Тек айырмасы – министрлік орыс тілінде, ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қазақ тіліндегі нұсқасын жіберген.
Сонымен, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың атынан келген жауапта: «Өңірлерде жергілікті бюджеттен сатып алу, сондай-ақ шарттық міндеттемелерді жасау және орындау министрліктің құзыретіне кірмейді» деген. Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары Б.Байжұмановтың жауабын қоса тіркепті. Ал үш мекемеден, атап айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Бюрабековадан, Алматы облысы әкімі орынбасары Б.Байжұмановтан және Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы У.Ниязбековтен келген бір жауаптың ұзын-ырғасы мынадай.
«Облыс маслихатының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы №55-282 шешіміне сәйкес, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға 2 125 978 мың теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Медициналық жабдықтардың тізімі облыстың медициналық мекемелерінің өтінімдеріне сәйкес қалыптастырылған. Әлеуетті жеткізушілердің өтінімдері «Медициналық бұйымдарды сатып алу туралы» 2020 жылғы 18 ақпандағы бұйрықтың №1 қосымшасына сәйкес, медициналық ұйымдардың басшылары тартылуымен комиссиялық отырыста қарастырылды. Сатып алынатын медициналық жабдықтардың тізімі бөлінген қаражат шегінде қалыптастырылған. Медициналық бұйымдарды сатып алу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексі талаптарының аясында, «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 Қаулысына сәйкес өткізілді.
№5 лот «Ересектер, балалар мен нәрестелерге арналған өкпені жасанды желдету аппараты» бойынша «ДАЛ Казахстан» ЖШС жеткізушісі 19 950 000 теңгеден 27 аппаратқа, жалпы сомасы 538 650 000 теңгеге жеңімпаз болып танылған. Құрал-жабдықтың сауда атауы: «CARESCAPE R860 өкпені жасанды желдету аппараты», өндірушісі «Datex-Ohmeda, Inc», АҚШ. Жоғарыда аталған жабдықты сатып алу бойынша келісім-шарттар әлеуетті жеткізуші мен облыстың медициналық ұйымдары арасында жасасқан. 2020 жылға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша өткізілген тендердегі тауарларды жеткізу шарттарына сәйкес, ӨЖЖ аппараттарын жеткізу Тараптардың келісім-шартқа қол қойған күннен бастап 90 күнді құрайды.
Төтенше жағдай жариялануына орай, медициналық ұйымдармен 46 күнге мерзімін ұзарту туралы қосымша келісім-шарттар жасалған. Алайда, қазіргі уақытқа дейін аталған құрал-жабдықтар қойылмаған. Қазіргі уақытта, келісім-шарттың міндеттемелерін толық емес немесе орындалмағандығынан, атап айтқанда орындау мерзімі өткендіктен, медициналық мекемелермен тиісті құжаттар дайындалып, сот органдарына жүгінуде. Басқарманың әуелгі басшысы Б. Ысқақ Алматы облысы Әкімінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №111-ө-ж/қ өкіміне сәйкес жұмыстан босатылды. Қазіргі уақытта ШЖҚ «Іле аудандық ауруханасы» МКК-де директоры ретінде қызмет атқарады.
P.S. Сонда 19 млн 950 мың теңге тұратын 27 аппаратқа бөлінген 538 млн 650 мың теңге желге ұшты ма? Бұл қаражаттың сұрауы кімге? Есіл қаржының шығынын кімнен сұраймыз?